Теңіздегі іздеу-барлау жұмыстарына дер кезінде дайындалу үшін «ҚазақМұнайГаз» «Нұрсұлтан, Ұлытау және Ұлутас учаскелерін алдын-ала барлау және бағалау бағдарламасын» 2002-жылы жасап шығарған. Мұнай операцияларының қоршаған ортаға әсерін алдын-ала бағалау жөніндегі есеп те сол кезде дайындалды.
Қазіргі таңда қоршаған ортаға экологиялық зерттеулер жүргізуші мердігер іріктеуге тендер өткізілуде. Аталмыш зерттеулердің қорытындысы негізінде барлау жұмыстарының әрбір сатысының (сейсмологиялық барлау және барлау ұңғысын бұрғылау) қоршаған ортаға әсері бағаланады.
Нұрсұлтан және Ұлутас учаскелеріндегі іздеу-барлау жұмыстары 2004-2006-жылдарда, ал Ұлытау учаскесінде 2004-2007-жылдарда жүзеге асырылады деп межеленген.
Барлау және бағалау жұмыстары сатылы жүргізілмек. Бірінші кезеңде егжей-тегжейлі сейсмологиялық 2Д барлауын жүргізіп, 3300-3800 метр тереңдіктегі барлау ұңғысын бұрғылау көзделіп отыр. Ал екінші кезеңде коммерциялық мұнай көздері анықталған жағдайда 3Д сейсмологиялық барлау жүргізіліп, бағалау мақсатындағы 12 ұңғы бұрғылау жоспарланған.
Аталмыш мұнай операцияларының барлығының да қоршаған ортаға әсері бағаланып, экологиялық мониторинг жүргізіледі, сондай-ақ, табиғат қорғау шаралары, төтенше жағдайлар мен апаттардың алдын алуға бағытталған әрекеттер міндетті түрде атқарылады.
Табиғат қорғау жөніндегі заңға сәйкес, аталмыш қоғамдық тыңдау мемлекеттік эклогиялық сараптамадан оза атқарылатын міндетті процедура болып табылады.