"ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ құратын жаңа медиа-холдинг құрамына елімізге танымал бірнеше БАҚ қамтылатын болды
"ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ құратын жаңа медиа-холдинг құрамына елімізге танымал бірнеше бұқаралық ақпарат құралы қамтылатын болды. Бұл туралы бүгін, 19-желтоқсанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында холдинг өкілдері ақпарат таратты,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі. |
НТВ телеарнасының Қазақстандағы өкілі Евгения Доцуктың айтуынша, "Рауан Медиа Груп" деп аталатын медиа-холдинг құрамына НТВ-Қазақстан, NS радиосы, "Известия-Қазақстан" және "Комсомольская правда- Қазақстан" газеттері қамтылады. Ресейдің "Коммерсанты" сияқты ірі бизнес-басылым құру жобасы да әзірлену үстінде. Сондай-ақ, "Интерфакспен" бірлесе отырып жаңа ақпараттық агенттік құру да ойда бар көрінеді.
Е.Доцуктың айтуынша, қазіргі басты қиындық - кәсіби журналистердің тапшылығы болып тұр. Республикада "жақсы журналистер" саусақпен санарлық. "Өз мамандарымызды біз өзіміз өсіріп, тәрбиелеп, өзіміз баптап-жаттықтырамыз",- деді НТВ-ның еліміздегі өкілі.
Ресейдің НТВ телеарнасының бас директоры Николай Сенкевичтің айтуынша, НТВ-Қазақстан арнасының журналистері Мәскеуде кәсіби шыңдалады. Ал НТВ телеарнасының тілшілері, жүргізушілері мен таңдаулы режиссерлары қазақстандық жаңа телеарнаның қызметкелері үшін мастер-класстар өткізеді. Е.Доцуктың хабарлауынша, НТВ-Қазақстан телеарнасының қазақ және орыс тілдеріндегі алғашқы бағдарламаларын Ресейлік тележұлдыздар жүргізеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін