Оның айтуынша, келісім-шартында мұнай өндіру компаниясына Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Әлібекмола кенішіндегі жаңа нысандарды жобалау, салу және жабдықтау жөнінен қызмет көрсету қарастырылған. Атап айтсақ, қызмет көрсету жөніндегі тендерде жеңіске жеткен консорциум кеніште газ тазартатын қондырғы мен мұнайды зиянды қалдықтардан тазарту жөніндегі жабдықтарды орнатып, басқа да қосалқы жұмыстарды жүзеге асырады.
2004-жылдың қазан айында аяқталады деп межеленген нысандар құрылысы салынатын мерзімде қосымша 800 жұмыс орны құрылады.
О.Оразалинің айтуынша, жаңа нысандарды пайдалануға беру нәтижесінде кеніштегі мұнай өндіру көлемі жылына 3 млн. тоннаға дейін жетеді деп күтілуде. Биыл Әлібекмола кенішінен 1 млн. тонна мұнай шығару көзделген. Ал 2003-жылы мұнай өндіру көлемі 420 мың тоннаны құрады.
«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС 1999-жылы құрылған. 2002-жылдан бері кәсіпорын Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Әлібекмола және Қожасай кеніштерін игеруде. Компания акцияларының 50 проценті «ҚазМұнайГаз МК» ЖАҚ-ның, 50 проценті Канаданың Nelson Resources корпорациясының үлесінде.
«Әлібекмола Нефтестрой» консорциумына «Қазақстанның мұнай және газ институты», «Қазхиммонтаж холдинг» АҚ, «ҚазСтройСервис» ЖАҚ мен «Темир Пайп» ЖШС кіреді.