Мосқал тартқан бір әйел орнынан тұрды. Әрең-әрең сөйлеп, әңгімесін бастады, деп жазды Арман Әлменбет желідегі өз парақшасында.
Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.
— Мен совет үкіметі жүргізген тіл саясатының құрбанымын деп есептеймін өзімді. Өзім осы Ақмола облысының адамымын. Мал баққан қазақтың қызымын. 1973 жылы қазақ мектептерін жапты. Сол жылы мен бірінші сыныпқа баруым керек еді.
Әке-шешем мені интернатқа жіберуге мәжбүр болды. Үйден шықпаған бүлдіршін едім, айдаладағы интернатқа барып түстім. Ол аты интернат болғанымен, негізі барып тұрған абақты еді. Тамағы тамақ емес, киімі де нашар, іші суық. Он бала барып едік, онымыз да адам болып кеттік. Сол кезде қалай өліп қалмағанымызға таңғаламын.
Бізге барған бойда қазақша сөйлеуге тиым салды. Қазақша сөйлесең бұрышқа тұрғызып қояды. Бірінші сабақта сөйлеп қойсаң, бесінші сабаққа дейін солай тұруың керек. Екі айдай мүлде сөйлемей, аузымызды жауып жүрдік. Содан кейін мәжбүрлей бастады. Дәретханаға шығу үшін орысша сұранбасаң жібермейміз, орысша рұқсат сұрамасаң қайта кіргізбейміз деді. Мен бала болсам да, бұтыма жіберіп қойсам күлкі болатынымды түсініп, можно выйти деген сөзді үйреніп алдым. Солай сыртқа сұранамын, бірақ қайтып келген соң можно сесть деген сөзді айта алмаймын. С, т деген сияқты әріптер қатар келген соң, ол қазаққа айту қиын сөз ғой. Мен ғана емес, бірнеше бала айта алмайды. Дәретке шыққан соң, қайта отыра алмай, тақтаның жанында қатар-қатар тізіліп жарты күн тұрамыз.
Мұғалімнің темір таяғы болды. Сонымен ұратын. Құлағымыздан қатты-қатты бұрағанда қан ағып кететін. Бірақ үйге барғанда әке-шешемізге айтпаймыз. Айтсаңдар милицияға айтып, соттатып жібереміз деп қорқытып қойған. Милиция деген бар екенін сол кезде білдік.
Содан не керек, екі жыл солай оқыдық. Кейін әке-шешем менің қиналып жүргенімді түсініп, мектебі бар жаққа көшіп кетті.
Адамның бала кезінде көрген қиындығы кейінгі өміріне де әсер ете ме деймін…
Басқа мектепке барған соң орыс тілі мен әдебиетіне ден қойып, тіпті жақсы көріп кеттім. Сөйтіп мектепті бітірген соң, орыс тілі мен әдебиеті деген мамандыққа түстім. Өте жақсы оқыдым.
Кейін совет одағы ыдыраған соң, қазақша мұғалімдер жетіспей жатты да, мені қазақ сыныбына бастауыш мұғалімі етіп алды. Бұл кезде мен қазақ тілін ұмытып үлгерген едім. Жоқ, сөйлей аламын, әрине. Бірақ жеткілікті деңгейде емес. Сөйтіп, енді қазақ тілін үйрене бастадым.
Қазақша білмейтін жігітке тұрмысқа шықтым. Үйде тек орысша сөйлесеміз. Сөйтіп жүргенде қызды болдым. Ол ауру болып туды да, екі жарым айдан соң шетінеп кетті. Жылай беремін, жаман ойлар мазалай береді. Соның бәрі әсер етеді екен ғой, оны ол кезде қайдан білейік. Тағы бір қыз тудым. Ол сегіз жасына дейін ауырып, ол да қайтты. Кейін тағы бір ұл, бір қыз тудым. Олар аман-сау, шүкір.
Ұлды бірінші сыныпта орыс сыныбына бергенбіз. Бір күні күйеуім тойдан қызып келді. Көңіл күйі жоқ. Не болды деп ақырындап сұрадым. Сөйтсем былай дейді: "Мен өзім орыспын ба, қазақпын ба? Орыспын дейін десем, түрім ұқсамайды, сондықтан маған ешкім сенбейді. Қазақпын дейін десем, қазақша сөйлей алмаймын. Мен кіммін өзі?". Осылай деп қатты қиналды. Содан кейін, ертең балам да отыз жетіге келгенде мен сияқты киналмасын деді де, ертесіне ұлды қазақ сыныбына ауыстырып жіберді.
Уақыт өте берді. Отбасымызда тек орысша сөйлеп жүрдік. Бір күні Димаш Құдайберген Қытайға барып ән салды. Сонда "Дәйдидәу" әнін шырқады. Сол ән маған қатты ұнады. "Қозғайсың қатып қалған іштің дертін" дейтін жері есімнен кетпей қойды. Ыңылдап айта беремін. Одан кейін бір күні сол сахнада тұрып Димаш қазақша сөйлеген кезде ішімде бір жарылыс болғандай болды. Қазақ тілі ешқайда жарамайтын тіл деп ойлаушы едім. Сөйтсем шет елде де сөйлеп, жұртты тыңдатуға болады екен. Сол күннен бастап қазақшамды қайта қолға алдым. Мен қазақ екенмін ғой, қазақша сөйлеу керек екенмін ғой деп, біржола кірістім. Кейін Оғыз Доғанның сөздері де қатты әсер етті. Адам деген тілінен ажырап ешқайда кете алмайды екен. Тілінен ажыраған адам алысқа бармайды. Соны түсіндім.
P.S: Бұдан өзге де біраз жақсы әңгіме айтылды. Бірақ ерекше есте қалғаны осы болды.