«Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі мен еліміздегі көп ұлтты, көп конфессиялы қоғам ерекшеліктерін ескере отырып біз демократия — жолдың бастамасы емес, ортақ мақсатымыз екенін естен шығармадық»,- деді президент.
Мемлекет басшысы еліміздің саяси пікір алуандығына қол жеткізу жолында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. «Қазақстанда қазіргі таңда демократиялық институттар дамып, еркін демократиялық сайлаулар өткізіліп жатқанын, билік тармақтарының ара жігін ажырату принципі жүзеге асырылғанын айтсақ та жеткілікті»,- деді Н.Назарбаев. Қазақстанда көп партиялы жүйе қалыптасты, кез-келген Қазақстан азаматы қалаған партиясына, қалаған қоғамдық-саяси бірлестіктерге мүшелікке өтуге ерікті. Елімізде 5 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді, деді президент.
Сондай-ақ, Қазақстанда әділетті сот жүйесінің негізі қаланды, қоғам тарапынан оның әділдігіне деген сенім барған сайын арта түсуде, деді Н.Назарбаев.
Елбасы азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету саласында іске асырылып жатқан қадамдарды атап өтті: «Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларға мүшелікке өтті, омбудсмен институты қалыптасты, азаматтық қоғам қалыптастыру және демократия мәселелері жөнінде жан-жақты өкілетті әрі беделді ұлттық комиссия жұмыс істеуде».
Елімізде діндер құрылтайын өткізу «Қазақстанның әлемдік деңгейдегі бітімгершілік маңызының арта түсуіне сенімді дәлел болмақ»,- деді президент.