Қазақстан 2014 жылдан бастап ЕХРО-2017 инфрақұрылымын салуға шетелдік компанияларды тарта алады - ХКБ бас хатшысы
Бейсенбі күні президент Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесіп, Астанада дүниежүзілік ЕХРО-2017 көрмесін өткізу мәселелерін талқылады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады. |
«Сіздің алғашқы күннен бастап бізге қолдау көрсеткеніңізді білемін. Ол үшін сізге деген алғысым шексіз. Енді бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр. Бұл жерде сіздің және Халықаралық бюроның көмек-қолдауы қажет. Біз ұйымдастыруға қатысты мәселелердің бәрін биыл аяқтауымыз керек», - деді ол кездесуде.
Мемлекет басшысы «Келешектің энергиясы» деген тақырыппен өтетін көрмеге дайындық жұмыстары басталып та кеткенін алға тартты.
«Біз көрме өткізілетін жерді анықтадық. Ол жер қала инфрақұрылымы мен сервистік қызметке жақын орналасқан. Арнайы компания құрылып, оның басшысы да тағайындалды. Осы маңызды міндетті ойдағыдай атқарып шығу үшін қалай бірлесіп жұмыс істейміз? Енді мен осы мәселеге қатысты сіздің ақыл-кеңесіңіз бен пікіріңізді білгім келеді.
Бұл көрменің бізде өткені Қазақстан үшін ғана емес, жалпы аймақ үшін де пайдалы болады деп ойлаймын. Өйткені, мұндай шара аймақта бірінші рет өткелі отыр. Бұл мәселеге қатысты жұмыстардың бәрін өзім жеке бақылап отырмын», - деді президент.
Өз кезегінде В.Лоссерталес Қазақстанның ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге өтініштің өзін үлкен дайындықпен өткізгенін атап өтті.
ХКБ бас хатшысы 2014 жылдан бастап Қазақстан көрме инфрақұрылымын салуға шетелдік компанияларды шақыру мүмкіндігіне ие болатынын тілге тиек етті.
«Біз көрме жоғары технологиялы және инновацияға толы болып өтуі үшін Қазақстан мен шетелдің жаңашыл компанияларын жұмысқа тартамыз. Бұл Астананы ғана емес, Қазақстанды да адам танымастай етіп гүлдендіріп жібереді», - деп атап өтті В.Лоссерталес.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін