Қазақстан 25 елдің жастарын біріктіріп, «Ұлы Жібек жолы» бойымен автожорық өткізуді ұсынды
Қазақстан 30-ға жуық мемлекеттің жастарын біріктіріп, «Ұлы Жібек жолы» бойымен автожорық өткізуді ұсынды. |
Айта кетейік, бүгін Астанада «Ұлы Жібек жолы» халықаралық жастар бірлестігі мүшелерінің І Кеңесі өтіп жатыр. Аталған ұйым биылғы маусымда Әзірбайжан астанасы Бакуде І Халықаралық жастар конгресінің барысында құрылған болатын. Бұл ұйымға бүгінде 25 мемлекеттің жастары мүшелік етуде.
«Мен осындай «Ұлы Жібек жолы» атты халықаралық ұйымның құрылғанына қуаныштымын. Жастар өзара бір-бірімен байланыста болып тәжірибе алмасуы, өмірге жаңа идеяларды әкеліп, әр елдің жастары осы бастамаға тартылуы өте маңызды. Атап айтқанда, бұл үлкен күш-жігер деп білемін»,-деді ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы Ғабидолла Әбдірахимов.
Осы орайда ол биыл ғана құрылған ұйымды барша әлемге танытуды ұсынды. «Мен «Ұлы Жібек жолы» бойымен жастарды автокөлікпен жүріп өтуін ұйымдастыруды ұсынамын. Яғни, барлық мемлекеттер арқылы үлкен колоннамен ұйымға мүше жастармен бірге аталған жолмен жүріп өтсе деймін. Бұл тұрғыда осы бастаманы қарарда белгілеп, барша елдердің үкіметтеріне үндеу жасау керек деп ойлаймын»,-деп толықтырды Кеңес төрағасы.
Сонымен қатар ол, бүгінде Қазақстанда «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізі салынып жатқандығын, осы жолдың бойында Қазақстанның ғажайып өңірлерімен танысу мүмкіндігі болатындығын атап өтті.
«Сондықтанда біз Қазақстан тарапынан бұл идеяны қолдаймыз. Мен өзімнің тарапымнан Үкіметке тиісті ұсыныс жасауға дайынмын», - деп түйді ол
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін