Қазақстан адам құқықтары саласындағы БҰҰ пактілерін бекітуге ниет білдіруде - kaz.caravan.kz
  • $ 513.55
  • 602.09
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
19 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан адам құқықтары саласындағы БҰҰ пактілерін бекітуге ниет білдіруде

Қазақстан адам құқықтары саласындағы БҰҰ пактілерін бекітуге ниет білдіруде

БҰҰ-ның 1966-жылғы азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактілерін Қазақстан таяу уақыттарда бекітуге пейіл. Бұл туралы , бүгін, 12-сәуірде ҚР мемлекеттік хатшысы Оралбай Әбдікәрімов журналистерді құлағдар етті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Астанадан.

  • 12 Сәуiр 2005
  • 870
Фото - Caravan.kz

О.Әбдікәрімовтың айтуынша, қазір бұл мәселе барлық министрліктер мен мекемелерде кең көлемді талқылануда. «Бұл пактілердің бекітілетініне күмән жоқ»,- дейді мемлекеттік хатшы. Оның пікірінше, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төрағалық жасау ниетіне байланысты аталмыш құжаттарды бекіту — ұйым тарапынан қойылатын басты бір талап болмақ. Дегенмен, О.Әбдікәрімов құжаттардың нақты бекітілу мерзімін дөп басып айтпады.

ҚР президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің ақпараты бойынша, халықаралық пактілерді бекіту туралы заң жобасы алдағы күндерде парламентке келіп түсуі мүмкін. «Заң жобасы әділет министрлігі мен бас прокуратурада ешбір ескертпесіз келісілгенін білеміз. Менің ойымша, бұл заң алдағы күндері парламентке жолданады»,- деді ол. Т.Әбішевтің айтуынша, адам құқықтары жөніндегі комиссия аталмыш пактілерді ескертпесіз бекіту туралы өз қорытындысын берген.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының Алматыдағы орталығының басшысы Ивар Викки БҰҰ-ның 1966-жылғы азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактілерін Қазақстан ешбір ескертусіз бекітеді дегенге сенім білдірді. Ол осы орайда «бұл қадам ұлттық заңнаманы пакт ережелеріне сәйкестендіруді талап етеді» дегенді атап өтті. И.Виккидің пікірінше, «сондықтан да қабылданатын заңдардың пактілер талабына сәйкес болуына қазірден бастап назар аудару қажет».
БҰҰ-ның 1966-жылғы азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактілеріне Қазақстан 2003-жылдың 17-қарашасында біріккен. БҰҰ-ның Бас ассамблеясы 1966-жылы қабылдаған пактілер 1948-жылғы Адам құқықтарының жалпылама декларациясымен бірге Адам құқығы жөніндегі халықаралық билльді құрайды. Бұл — адам құқығы мен бостандығын қорғау саласындағы негізгі халықаралық-құқықтық құжаттардың бірі болып табылады. Бұл келісімдерге әлемнің 140 мемлекеті біріккен.

Перейти к новостям спорта