Кездесу барысында сұхбаттасушылар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму ахуалы мен келешегін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған жолдауымен сабақтастыра сарапқа салды.
Президент жолдауын жүзеге асырудың маңызына тоқталған Канаданың бұрынғы үкімет басшысы былай деп мәлімдеді: «Қазақстан «аймақ елдері үшін даму үлгісі» бола алады. Ол үшін Қазақстан ілгерілеушіліктерді одан әрі жалғастыруы тиіс».
Канаданың мемлекеттік қайраткерінің пайымдауынша, Қазақстанда экономикалық және саяси өмірге батыс стандарттарын енгізуге барлық алғышарттар жасалған. «Қазақстан — шын мәнісінде Канаданың тура көшірмесі»,- деп атап көрсеткен Ж.Кретьен екі ел арасында жағрафиялық орналасу жағдайы, табиғи байлығы мен экономикалық құрылымына қарай анағұрлым ұқсастықтар бар екенін айтты.
Сол күні Қ.Саудабаев Канаданың общиналар палатасының спикері Питер Милликенмен кездесті. Елші оған Қазақстанда соңғы кездері болып жатқан оқиғалар туралы әңгімелей отырып, ел президенті Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған жолдауында республиканың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына үдемелі қарқын беру кезеңін айқындап бергеніне тоқталды.
Канаданың экономика, саясат, мәдениет және білім беру салаларында Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екенін айтқан П.Милликен ел президентінің бағдарламалық жолдауын үлкен ыждағаттылықпен оқып зерттейтінін айтты.
П.Милликен Қазақстан президентінің жолдауына сәйкес шетелдердің жетекші университеттеріне оқуға аттанатын үш мың қазақстандық студенттердің біраз бөлігі Канада елінде білім алады дегенге сенім білдірді. Ол сонымен қатар Канадалық студенттер де Қазақстанда оқу мүмкіндігіне ие болады, ал бұл өз кезегінде екі ел халқын тіптен жақындастыра түседі дегенге сенім білдірді.