Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, республиканың бірнеше облысында жылдамдығы секундына 30-35 метрге жеткен күшті дауыл соққан болатын. Табиғаттың тосын мінезінен Қарағанды облысы артықша зардап шекті. ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттігінің баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, бұл облыста дауыл салдарынан 480-нен астам құрылыс-ғимараттың шатыры бүлінді. Соның ішінде 417 тұрғын үйдің, 40-тан астам мәдени-тұрмыстық және білім беру нысандарының, 17 әскери бөлімше нысандарының шатыры қирады. Облыс орталығында 203 үйге ақау келді. Сондай-ақ, Қарағанды және Шахтинск қалалары мен Бұхар жырау және Осакаров аудандарындағы кейбір нысандар жарықсыз қалды. Нұра, Осакаров, Абай, Қарқаралы және Бұхар жырау аудандарындағы кейбір елді мекендерде байланыс желісі үзілді.
Қуат қамтамасыздығы және байланыс жүйелеріндегі апат салдарын жою және шығын көлемін нақтылау жұмыстары одан әрі жалғасуда.
Дауыл салдарынан келген шығын көлемі Жамбыл облысында да есептеліп жатыр. Мұнда электр қамтамасыздығы 50 процентке қалпына келтіріліп, бұған дейін үзіп тасталған 37 фидердің 36-сы қайтадан іске қосылды.