Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, келісімнің мақсаты — «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы ғарыштық жер үсті инфрақұрылымы нысандарының негізінде экологиялық қаупі жоқ, жаңа «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін құру және бірлесе пайдалану барысында тараптар ұстанатын басты ынтымақтастық принциптері мен шарттарын айқындау болып табылады.
Құжатқа сәйкес, «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін құру үшін Қазақстан жағы «Қазақстан- Ресей бірлескен «Бәйтерек» кәсіпорны» АҚ-ына 19 жыл мерзіммен 223 млн. доллардың бюджеттік несиесін береді. Несиенің негізгі берешегі алғашқы 5 жылда жеңілдікпен өтелсе, одан кейінгі 4 жылда өсімақы 0,5 проценттік жылдық өсіммен жеңілдікпен қайтарылады.
Құжат ережелеріне сәйкес, сонымен бірге Қазақстан жағы келісім аясында құрылған бірлескен кәсіпорынға салық және кедендік жеңілдіктер мен басқа да преференциялар көрсетуге міндетті.