Оның айтуынша, салмағы 80 келіден жоғары, жасы 18-ге толған әрбір палуанның «Қазақстан Барысы» жобасында бақ сынауға мүмкіндігі бар.
«Бүгінде қазақ күресімен Қазақстан бойынша 35 мыңнан астам балалар мен ересектер айналысады. Олармен 500-ден астам жаттықтырушылар еңбек етуде»,- дейді агенттік басшысы.
Белгілі болғандай, «Қазақстан Барысы» турнирінің іріктеу жарысының бірінші кезеңі 31 наурызға дейін ауылдарда өтеді, ал екінші кезең аудандық және қалалық дәрежеде сәуір айы бойы ұйымдастырылады. Үшінші кезеңінде облыстық іріктеу жарыстары 1-20 мамыр аралығында өтсе, турнирдің ақтық сыны 29 маусымда Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді.
Т.Есентаевтың сөзіне қарағанда, республикалық ақтық сайысқа қатысатын палуандар арасында биылғы 25-30 мамыр аралығында Алматыда 5 күндік оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Жиын барысында соңғы сайысқа іріктелген палуандар үшін тереңдетілген медициналық тексеру, допинг-сынама, фото-бейне түсірілімдер ұйымдастырылады.