Бұл туралы бүгін, 8-қазанда «Мұнай және газ-2003- KIOGE 2003 » атты 11-халықаралық конференцияда РФ СІМ-нің орынбасары Виктор Калюжный пікір білдірді.
В.Калюжныйдың айтуынша, «Мұндай перспектива Қазақстанға тұрақты даму мен гүлденуді қамтамасыз ететіні сөзсіз. Өйткені, жылу-энергетика кешені екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең бір маңызды саласы». Алайда осы орайда ол «барлық нәрсе тек қағаз бетінде ғана тап-тұйнақтай болады»,- деп атап көрсетті. «Өз басыма сын ретінде мойындар болсам, Центральное кенішіне уәкілетті ұйымды тағайындау жұмысын Ресейдің біраз сөзбұйдаға салғаны рас»,- деді В.Калюжный.
Сондай-ақ, екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық саласындағы түйткілді тұстардың бірі ретінде В.Калюжный : «Транснефть мұнай компаниясы әзірге Қазақстан тарапынан мұнаймен қамтамасыз ету жөнінде ұзақ мерзімді кепілдеме алған жоқ. Ол өз кезегінде Қазақстан мұнайын Балтық құбыр жүйесі арқылы экспорттайтын жаңа бағыттарды айқындау үшін қажет»,- деп мәлімдеді.