Жарияланды: 500

Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне мүшелігі кезіндегі басымдықтарды айқындады

Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне мүшелігі кезіндегі басымдықтарды айқындады

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне мүшелігі кезіндегі іс-әрекеттер тұғырнамасын жариялады.

«Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңестің мүшесі ретінде әділеттілік, бейтараптық, саясаттандырмау қағидалары негізінде жоғарғы стандарттар тәртібін басшылыққа ала отырып және сындарлы диалог құрып Адам құқықтары жөніндегі Кеңестің беделі мен тиімділігін арттыруға ниетті», - деп атап өтті бүгін Астанада өткен брифингте ҚР СІМ-нің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев. Еске салайық, 12 қараша күні Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67-інші отырысы барысында Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне сайлау өтіп, Қазақстан Республикасы Азия-Тынық мұхит тобы атынан алғаш рет Кеңес мүшесі болып сайланған болатын. «Қазақстан кандидатурасына 193 елден 183 мемлекет дауыс берді. Барлық сайланған мемлекеттер арасында алған дауыстар бойынша біз бесінші және Азия-Тынық мұхит тобы қатарында екінші орынға ие болдық. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі мен Қазақстан-БҰҰ арасындағы 20 жылдық ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі», - деп атап өтті ресми өкіл. Кеңестегі 5-орынға аталған топтан Қазақстан, Пәкістан, Корея, Жапония және Біріккен Араб Әмірліктері сұраныс берген болатын. Аталмыш сайлауда Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне барлығы 18 жаңа мүше-мемлекет сайланды. Сайланған мемлекеттердің өкілеттігі 2013 жылғы 1 қаңтардан басталады. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңес 2006 жылғы 15 наурызда құрылған. Кеңес, адам құқықтары жөніндегі Комиссияның орнына құрылып, адам құқықтарын қорғау саласындағы жетекші халықаралық орган болып табылады. Кеңес құрамына 47 мемлекет кіреді. Кеңеске мүшелік барлық БҰҰ мүше мемлекеттері үшін ашық, олар БҰҰ БА мүшелерінің тікелей және құпия дауыс беруі арқылы көпшілік дауыспен үш жылға сайланады. Қазақстан адам құқықтары жөніндегі Кеңестің жұмысын белсенді қолдайды және тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен жүзеге асыру саласындағы құқық қорғау тетіктерімен ынтымақтаса жұмыс істейді. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Адам құқықтары жөніндегі Кеңес сессиясының жоғары деңгейлі Сегменті жұмысына жыл сайын қатысады. 2010 жылғы ақпанда Қазақстан Женевада БҰҰ Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңестің жаңа құқық қорғау тетігі - Әмбебап мерзімдік шолу аясында өзінің бірінші ұлттық баяндамасын ұсынып, табысты қорғап шыққан болатын. Біздің еліміздің БҰҰ ең ірі құқық қорғау құрылымына сайлануы Қазақстанның адами әмбебап құқықтары мен бостандықтарын дәйекті нығайту мен қорғаудағы жетістіктерінің танылуы және Қазақстанның осы саладағы белсенді халықаралық ынтымақтастыққа деген қатаң ұстанымының айқын дәлелі болып саналады. «Сонымен қатар, 2012 жылғы 17 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінде өткен сайлау нәтижесінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев 2012 жылдың соңына дейін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Комитет құрамына сайланғанын атап өткен жөн», - деп түйіндеді А.Әбибуллаев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін