Әңгіме-дүкен барысында ұйымның басшысы Қазақстанда қысқа мерзімде жүзеге асырылған саяси және экономикалық, соның ішінде ауылшаруашылығындағы реформалардың нәтижесін жоғары бағалады. БҰҰ өкілінің пікірінше, Қазақстан бүгінде әлемдік қоғамдастық шеңберінде, соның ішінде әсіресе Орталық Азия өңірінде жоғарғы мәртебеге ие болды. Осыған байланысты БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға айрықша маңыз береді.
Өз кезегінде А.Хамзаев Қазақстан атынан БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымымен ықпалдастық аясын кеңейтуге мүдделі екенін растап, Қазақстан үшін басымдық берілген салалардағы және кейбір нақты жобалар бойынша екі жақты ынтымақтастықты пәрмендендіру жайында пікір білдірді.
Елші сондай-ақ БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бас директорын Қазақстан президентінің «Қазақстан қарқынды экономикалық, әлеуметтік және саяси модернизациялау жолында» атты жолдауы туралы хабардар етіп, бұл құжатта еліміздің болашақ даму бағыттары айқындалатынын атап көрсетті.