Министрдің айтуынша, «Қазақстан қазіргі жағдайда дәрілік заттардың айналымын мемлекет тарапынан реттеу саласында сындарлы әрі ойламды саясат жүргізуі тиіс. Ол дәрілік заттардың сапасы мен арзандығын қамтамасыз ету жөнінен қосымша шараларды жүзеге асыруды талап етеді».
Мемлекеттік бағдарлама аясында дәрі-дәрмек өндіру саласына баса назар аударылуда. Е.Досаевтың айтуынша, 2005-2007-жылдар аралығындағы бірінші кезеңде мемлекеттік сатып алу шараларының тиімділігін арттыру, зерттеу лабораторияларын жабдықтау, халықаралық стандарттар талабына сәйкес дәрілік заттардың сапасын қадағалауды жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, бірінші кезеңде «дәрілік заттардың айналымына мемлекет тарапынан бақылау қоюдың обьективтілігін арттыру» қажет, деді министр.
Ал бағдарламаның 2008-2010-жылдар аралығындағы екінші кезеңінде фармацевтика саласын халықаралық сапа стандарттарына сатылы түрде көшіру межеленген.
Сөйтіп, Е.Досаевтың айтуынша, 2007-жылы «республика халықаралық стандарттарға нақты көше алады».