Қазақстан демократиялық қоғам мен еркін ақпараттық кеңістікті құрудың белсенді қатысушысы
7-8 шілде күндері Венада «Жаңа бұқаралық ақпараттық құралдарда пікір алуандығын дамыту» деген тақырыпта ІІ қосымша кеңес өтуде. Осынау кеңестің ашылу рәсімінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова сөз сөйледі. |
Бірінші кезекте, Литва төрағалығына, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро мен ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілдігінің кеңсесіне осынау шараны ұйымдастырып отырғаны үшін алғыс білдірген дипломат, Қазақстанның «ЕҚЫҰ «Үштігінің» мүшесі ретінде, БАҚ бостандығы мәселесіне басымдықты назар аудару жөніндегі Литва төралағының бастамасын қолдап отырғанын атап көрсетті.
«Ақпараттық кеңістік, ол қоғам үшін ашық болған жағдайда ғана, азаматтарға, қоғам мен мемлекетке кешенді және жүйелі негізде өз келісілген мүдделерін жүзеге асыруға мүмкіндік берген жағдайда ғана, тиімді болады. Жаңа БАҚ-тарды дамыту коммуникациялық қарым-қатынастарға жекелеген адамдарды, тұтас қоғамдарды, мемлекеттік және жеке кәсіпорындарды, экономикалық, діни және мәдени институттарды тартуда. БАҚ адамдардың сана-сезімін қалыптастыруға бұрынғыдан да қатты әсер етіп, билік институтына әсер етудің қуатты тетігіне айналуда», - деді М.Жарбосынова өз сөзінде.
Қазақстанның, ЕҚЫҰ-ның басқа мемлекеттерімен бірлесе отырып, киберкеңістік саласының заңнамалық базасын жасауға белсенді атсалысып отырғанын айтып өткен дипломат, ел Парламентінің қарауында Интернетке қатысты бірқатар заң жобасы, атап айтқанда, электрондық ақша туралы, зияткерлік меншік туралы заң жобаларының жатқанын, электрондық коммерция туралы заң жобасы әзірленіп отырғанын атап көрсетті.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін