Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Халықаралық пактіге біріккен елдерге еңбек ету құқығы, еңбек етуге қолайлы әрі әділетті жағдай жасау, экономикалық және әлеуметтік мүддені қорғау үшін кәсіподақ ұйымдарын құру, әлеуметтік сақтандырумен қоса әлеуметтік қамсыздандыру құқығы, бала мен отбасы құқығын қорғау, денсаулық және білім алу құқығы тәрізді міндеттемелер жүктеледі.
Қазақсанның бұл пактіге бірігуі мемлекетіміздің азаматтық қоғам құру жөніндегі бағдарына сай келеді. Онда жынысы, нәсілі, діни және этникалық тобына қарамастан, адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын құрмет тұтуды қамтамасыз етуге басымдық берілген.
Халықаралық пактіге бірігу нәтижесінде мемлекеттер белгілі бір құқықтық міндеттемелерді өзіне жүктеп алады. Оған республикадағы адам құқығының қорғалу жағдайы туралы жыл сайын ақпарат беріп отыруды жатқызуға болады.
«Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі 1966-жылғы 16-желтоқсанда күшіне енген халықаралық пактіге Қазақстанның өкілі 2003-жылдың 2-желтоқсанында Нью-Йоркте қол қойды. Бүгінде бұл пактіге 159 ел біріккен.