Қазақстан экономикасына Ислам даму банкінің 1,2 млрд. доллар көлеміндегі қаржысы тартылып отыр
Бүгін Астанада өтіп жатқан 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы аясында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Ислам даму банкі тобының президенті Ахмад Мұхаммад Әли өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. |
Аталған құжатқа сәйкес, ағымдағы жылы Ислам даму банкі стратегиялық әріптестіктің толық құжаттарын дайындағаннан кейін 2011-2012 жылдары аралығында 1,2 млрд. доллар көлеміндегі қаржы Қазақстанның экономикасына құйылатын болады. «Біздіңше, бұл ақша, ең алдымен, ауыл шаруашылығы және көлік инфрақұрылымы, исламдық қаржыландыру салаларына бағытталмақ. Дегенмен, Ислам даму банкінің негізгі міндетін ескерсек, қолға алынатын жобалардың ішінде тек индустриалдық қана емес, әлеуметтік жобалар да болады деп ойлаймыз», - дейді министрдің кеңесшісі Ерлан Байдәулет.
Сондай-ақ іс-шара аясында министр Әсет Исекешев пен Ахмад Мұхаммад Әли мырза Елбасының Қазақстанда Ислам конференциясы ұйымы аясындағы азық-түлік қорын құру ұсынысын талқылады. Ахмад Мұхаммад Әлидің айтуынша, бұл ұсынысты жүзеге асыру үшін Ислам конференциясына мүше барлық елдердің келісімі қажет. «Сондықтан біз, ең алдымен, арнайы кеңестер өткізіп, бұл жұмысқа жан-жақты дайындалғанымыз жөн», - деп атап көрсетті ол.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін