Бағдарлама мәтініне сәйкес, Қазақстанда «электронды үкімет» құру бағдарламасын енгізу мемлекеттік мекемелер тарапынан азаматтар мен ұйымдарға қызмет көрсету мерзімін қысқарту және сапасын жақсартуға, мемлекеттік мекемелердің іс-қызметі жөніндегі ақпараттық базаға қол жеткізуді қамтамасыз етуге, болашақта әкімшілік жүйенің жетілдірілетінін ескере отырып, тиімді әрі ықшамдалған мемлекеттік аппарат құруға бағытталады.
Бағдарламаны жүзеге асыруға Қазақстан президентінің халыққа арнаған 2004-жылғы 19-наурыздағы «Бәсекеге қабілетті Қазақстанға, бәсекеге қабілетті экономикаға, бәсекеге қабілетті ұлтқа» атты жолдауы негіз болмақ.
Бағдарлама үш кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде «электронды үкіметтің» инфрақұрылымы, соның ішінде «электронды үкіметтің» порталы мен шлюзі, банк жүйесімен ықпалдастыққа арналған «төлем шлюзі», ұлттық идентификациялық жүйе, мемлекеттік мекемелердің біртұтас транспорттық ортасы құрылады. Екінші кезеңде «электронды үкіметтің» сервистері дамытылады. Ақпараттық қоғам құруды көздейтін үшінші кезеңде е-медицина, е-білім, е-мәдениет, е-демократия сынды жобалар жүзеге асырылады.
Үш жылдық бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 51,9 млрд. теңге бөлінеді. Жергілікті бюджеттерден жыл сайын 150 млн. теңге бөлу көзделіп отыр. Сонымен бірге 2005-жылы Астана аумағында біртұтас транспорттық орта құруға бағытталған пилотты жобаны жүзеге асыруға 1,06 млрд. теңге бөлу межеленген. Бұған қоса жеке инвестициялар, халықаралық және отандық қаржылық ұйымдардың гранттарын тарту жоспарланды.
2005-жылы мемлекеттік мекемелер тарапынан көрсетілген қызмет түрлерінің 15 проценті электронды түрде жүзеге асырылса, 2006-жылы мемлекеттік мекемелердің электронды құжат айналымының біртұтас жүйесі іске қосылады. 2007-жылдың аяғына таман «электронды үкіметтің» базалық құрамды бөлшектері құрылып, ұлттық идентификациялық жүйе құрылып, экономикалық белсенді тұрғындардың 15-18 проценті смарт-технологиялар негізінде жаңа үлгідегі жеке куәліктерге ие болады. Сонымен бірге 50 адамнан артық тұрғындары бар барлық ауылдық елді мекендерді телефонмен қамтамасыз ету, телефонмен қамтамасыз етілу тығыздығын әрбір 100 тұрғынға шаққанда 9 телефонға жеткізу, Интернет желісіне қосылған мектептер санын 100 процентке, спутникпен қашықтан оқыту арнасына қосылған мектептер санын 8,7 проценттен 20,8 процентке жеткізу көзделіп отыр.
Жарлықтың мәтіні ресми баспасөзде жарияланған.