Сенім хатын табыс ету рәсімінен кейін болған сұхбат барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықтың болашағы бар бағыттары төңірегінде пікір алмасты. Атап айтсақ, сауда-экономикалық байланыстар аясын кеңейту және Қазақстан рыногына жоғары технологиялар саласында маманданған Испаниялық компанияларды тартуға басымдық беру қажеттігі атап өтілді.
Қазақстандық елші екі жақты жемісті ынтымақтастықты дамытуға және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тиімді ықпалдастыққа Қазақстаннның айрықша маңыз беретінін атап көрсетті. Ол сонымен қатар еліміздің мемлекеттік құрылысты нығайтуға, бәсекелестік қабілеті бар нарықтық экономика құруға және ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған күш-жігеріне Испания тарапынан көрсетіліп отырған қолдау-көмектің маңызына тоқталды.
І Хуан Карлос өзінің Қазақстанға деген айрықша ықыласын атап өтіп, Испанияда республиканың тұрақты демократиялық, құқықтық мемлекет құрудағы табыстары мен экономика саласындағы жетістіктерін жоғары бағалайтынын жеткізді.