Грамотаны тапсыру рәсімінен кейін болған әңгіме барысында, Латвия басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы Латвияға сапары екі жақты қарым-қатынастың дамуына оң ықпал еткенін атап өтті. В. Вике-Фрейберге Қазақстан Латвияның маңызды серіктесі екенін атап өтті. Сондықтан да елде болып жатқан әлеуметтік экономикалық өзгерістерді Латвия тарапы қызығушылықпен бақылауда. Осы ретте, президент Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанын, оның қазіргі әлемдік сахнада алатын орнының ерекшелігін және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі мол екенін баса айтты.
Өз кезегінде Т.Қабдырахманов екі ел ынтымақтастығының болашағы зор екенін айтып, Қазақстанның 2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету ниетін Латвияның қолдағаны үшін алғысын білдірді. Дипломат, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған мақсаттары жөнінде ой бөлісіп, Қазақстан мен Латвия арасындағы ықпалдастықтың дами түсетіндігіне сенімін білдірді.
Сонымен қатар, Т.Қабдырахманов ел премьер министрі А . Калвитиспен, сыртқы істер министрі А.Пабрикспен, ақпарат министрі К.Петерспен және экономика министрі А. Штокенбергспен , сондай-ақ Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтың төрағасы Я. Урбановичпен кездесті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті