Т.Шармановтың айтуынша, ендігі жерде дәрілік препаратты жасап шығарушылар оның тиімділігін басқа елдерде де дәлелдемекші. Атап айтсақ, Якутия (Ресей) және Беларусьтік мамандар дәріге үлкен қызығушылық танытуда. Сондай-ақ, ғалымдар йодекстринді Қазақстанда да «заңдастырмақ» ниетте. «Ол үшін 1,5-2 ай қажет»,- деді жоба жетекшісі Мұрат Тұрлыбеков.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, препаратты Қазақ тағамтану академиясының ғалымдары республикамыздағы йод тапшылығы проблемасын шешу үшін жасалған «Бальзам «Возрождение» атты биологиялық белсенді қоспаның негізінде ойлап тапқан.
Қазіргі жағдаймен «Ренессанс» препаратының клиникалық зерттеулері Қазақстан және Қырғызстандық гепатит вирусын жұқтырған 217 науқасқа жасалды. Дәріні жасаушылардың айтуынша, онымен емделгендердің 82 проценті аурудан айығып шыққан.
Мамандардың мәліметіне жүгінсек, гепатит дертіне шалдыққандар үшін дәрімен толық емделіп шығу курсы алыс шетел тұрғындары үшін 10 мың доллар, ТМД тұрғындары үшін 5,5 мың доллар, Қазақстан азаматтары үшін шамамен 3,5 мың доллар болмақ. Толық емделіп шығу курсы , дәрігерлердің айтуынша, небәрі 10 күн.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 2003-жылы дүниежүзінде 300 млн. адам гепатиттің «В» түрінің, ал 500 млн. адам «С» түрінің вирусын жұқтырған. Қазақстанда гепатиттің «В» және «С» түрімен 150 мыңдай адам ауырады.