Жарияланды: 380

Қазақстан Иранға қайырымдылық көмек тиелген ұшақ жөнелтпекші

Бүгін, 30-желтоқсанда Қазақстан Иранға қайырымдылық көмек тиелген ұшақ жөнелтеді. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұртазо Саффари мәлімдеді.

М.Саффаридің айтуынша, Тегеранның көмек сұраған үндеуіне әлемнің 50-ден астам елі жауап қатқан. Зілзала құрбандарына қолұшын беруді ұйғарған көптеген елдер құтқарушылар мен дәрігерлерін жолдаса, кейбір елдер төтенше оқиға аймағына қайырымдылық көмектер жөнелтуде. АҚШ тарапынан Иранға көрсетілген көмек туралы сауалға жауап берген М.Саффаридің айтуынша, АҚШ-тағы Иран диаспорасы ауқымды қолдау көрсетіпті. Әйтсе де, Вашингтон тарапынан да үлкен көмек көрсетіліп жатыр, біз сол үшін АҚШ-қа дән ризамыз деді елші. Баспасөз мәслихатында жарияланған ресми мәліметтерге жүгінсек, 26-желтоқсанда Бам қаласында болған жер сілкінісі салдарынан 28 мыңдай адам опат болып, 60 мыңнан астамы жараланған. Ауыр жарақаттанған 12 мыңдай адам Тегеран мен басқа да ірі қалалардың ауруханаларына жөнелтілген. Бам қаласындағы ғимараттардың 80 процентке жуығы қираған. М.Саффаридің айтуынша, жер сілкінісінің ұзаққа созылуы мен қаладағы ғимараттардың басым бөлігінің кірпіштен және балшықтан соғылуы ауқымды шығынға апарып соқты. "Бұл ауданда күшті жер сілкінісінің болу мүмкіндігі туралы ғалымдар бір емес, талай мәрте ескерткен, алайда біз қаланың тарихи болмысын сақтап қалғымыз келді",- дейді елші. М.Саффаридің хабарлауынша, кеше Бам қаласында ел үкіметінің көшпелі отырысы өтті. Иран басшылығы қаланы қайтадан қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған көрінеді. Таяу уақыттарда қирап қалған қалалардағы инфрақұрылым қалпына келтіріліп, осы аудандарда ауруханалар мен дәрігерлік мекемелер салу жұмысы қолға алынады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін