Жарияланды: 700

Қазақстан йод қоры жөніндегі зертханалардың аймақтық желісінің көшін бастап отыр

Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі БҰҰ-ның Қазақстандағы Балалар қоры өкілдігімен және Қазақ тағам академиясымен бірлесе отырып, тұзды бірегей йодтауға (ТБЙ) қол жеткізген мемлекет ретінде Қазақстанды сертификациялау және йод қоры бойынша зертханалардың аймақтық желісін инаугурациялау қорытындысы бойынша Алматыда конференция өткізді.

Аталған іс-шараға ҚР Үкіметі, халықаралық ұйымдардың (CDC, ЮНИСЕФ), Қазақ тағам академиясы өкілдері, сондай-ақ, Орталық және Шығыс Еуропа және ТМД-ның (ОШЕ/ТМД) 15 елінде орналасқан йод зертханаларының қызметкерлері қатысты. Бұл аймақтық желіге Қазақстан басшылық етеді. Қазақ тағам академиясының йод зертханасы йод қоры жөніндегі зертханалардың халықаралық желісін Үйлестіру комитетінің мүшелерінің шешімімен ОШЕ/ТМД өңірінде аймақтық қор зертханасы болып таңдалды. Бұл стратегиялық шешім Қазақ тағам академиясының қалыптасқан беделі, жұмыс тәжірибесі мен орындалатын талдаулардың сапасын сырттан қамтамасыз ету жөніндегі Бағдарламаға табысты түрде қатысудың негізінде қабылданды. ОШЕ/ТМД кеңістігінде аймақтық желіні құрудың мақсаты - тұзды бірегей тәсілмен йодтау арқылы йод тапшылығы ауруларын (ЙТА) тұрақты жою нәтижелеріне мониторинг жасауды күшейту. Аймақтық желі осы өңірдегі халықтың йодпен қамтамасыз етілуін бағалайтын болады. Сондай-ақ, халықтың йодпен қамтамасыз етілуін бағалау жөніндегі зертханалар рөлі йод тапшылығымен туындайтын ауруларды тұрақты жоюға қолжеткізу үшін аса маңызды болып табылады. Қазақстан йод тапшылығының эндемиясы орташа елдер қатарына жатады. Алайда, йод тапшылығының жеңіл түрі байқалатын аймақтардың өзінде ЙТА халықтың ақыл-ой және физикалық күйіне орасан зор залал келтіреді деп есептеледі. Арнайы зерттеулер көрсеткендей, осындай аймақтарда өмір сүретін әр баланың ақыл-ой деңгейі (IQ) 10-15 пунктке төмен болған. Өйткені йод ұрықтың дамуы кезінде қажетті болып табылады, йод жетіспеушілігін сезінетін анадан туылған нәрестелердің бойындағы өзгерістер қайтымсыз болуы мүмкін. Йод жетіспеушілігі кездесетін аймақтарда өмір сүретін жүкті әйелдерде түсік тастау, өлі туу немесе мерзімінен бұрын босану ықтималдығы күрт артады. Тірі қалған нәрестелердің бойында ЙТА-ның кейбір немесе барлық белгілері табылуы мүмкін, оның ішінде өсу мен дамудың бұзылуы, ақыл-ой жетіспеушілігі немесе кретинизм. ОШЕ/ТМД аймағындағы ЮНИСЕФ өкілі Вилма Тайлер ханым өзінің сәлемдесу сөзінде былай деп атап өтті: «Мен йод тапшылығынан туындайтын бұзылыстардың санын азайту мақсатында тұзды жаппай йодтауға қол жеткізген мемлекет ретінде Қазақстанның еңбегін қуанышпен атап өткім келеді. Тұзды жаппай йодтау шарасы Қазақстандағы екі миллионға жуық баланың ақыл-ой мүмкіндігі мен денсаулық жағдайын арттыруға көмектесті. Бұл айқын жетістік Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақ тағам академиясы және тұз өндірушілерінің бірлесе отырып, халықаралық ұйымдардың қолдау көрсетуімен өткізген бірқатар шараларының арқасында мүмкін болды. Осы мекемелердің жұмысы салааралық әріптестікті нығайтып, Алматы декларациясына сәйкес халықтың денсаулық жағдайын жақсартуға қажетті шарт ретінде барлық секторлардың күшін үйлестірудің маңыздылығын ерекшеледі». 2007 жылғы зерттеулер Қазақстандағы үй шаруашылықтарының жалпы санының 92 пайызы сапалы йодталған тұзды тұтынатынын көрсетіп, Қазақстан тұзды жаппай йодтаған мемлекет мәртебесіне қол жеткізді. Тұзды жаппай йодтауды қамтамасыз еткен жағдайда ғана халық арасында йод тапшылығын тамырымен жою мүмкін деп есептеледі. Жоғарыда аталғанның барлығы Қазақстанның «жасырын аштықты» жою және ұлт денсаулығын жақсарту секілді біршама маңызды мәселелерді шешуде едәуір ілгерілеп отырғандығын көрсетеді. Үкімет, тұз өндірушілері, үкіметтік емес сектор және халықаралық ұйымдардың тығыз әріптестігі шеңберінде жоғарыда аталған бағдарламаларды орындау, сондай-ақ, қабылданған заңнамалық актілерді жүзеге асыру халықтың денсаулық жағдайын едәуір жақсартып, ана, бала және нәресте арасындағы ауру-сырқат пен өлім-жітімді, сондай-ақ, жүрек-қантамырларынан болатын өлім-жітімді төмендетпек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін