Жарияланды: 580

Қазақстан Каспий қайраңын игеруге неміс компанияларын қатыстыруға түрткі болуға дайын

"Қазақстан Каспий қайраңын игеруге неміс компанияларын қатыстыруға түрткі болуға дайын. Сондай-ақ, Германияда машина жасау саласының пәрменді дамығанын ескере отырып оларды отандық мұнай өндіру өнеркәсібінің жабдықталу деңгейін арттыру жұмысына тарта алады". Бұл туралы бүгін, 4-желтоқсанда республика Елордасындағы резиденциясында Германия канцлері Герхард Шредермен екі жақты келіссөздер жүргізу барысында ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев

мәлімдеді. Бетпе-бет кездесу барысында жүргізілген екі жақты келіссөздер барысы туралы ҚР президенті әкімшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан мемлекет басшысы: "машина жасау, мұнай химиясы, құрылыс және басқа да салаларда инфрақұрылымдық нысандарды дамытуға бағытталған бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік толық",- деп атап көрсетті. Сондай-ақ, президенттің айтуынша, "Қазақстан мен Германия арасында қазіргі заманғы ақпараттық және телекоммуникациялық озық технологиялар, қаржы және техникалық ынтымақтастық саласында өзара ынтымақтастықты өрістетуге кең мүмкіндіктер бар". Осыған байланысты Г.Шредер мен Н.Назарбаевтың индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қазақстандық менеджерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ортақ бастамасы айрықша маңызға ие болды,- деп хабардлайды баспасөз қызметі. Сондай-ақ, мемлекет басшылары халықаралық саясатқа қатысты өзекті проблемалар, атап айтсақ, халықаралық лаңкестікпен күрес, заңсыз көші-қон және заңсыз есірткі айналымымен күрес, әлемнің түрлі аймақтарындағы тұрақтылықты сақтау және шиеленістерді реттеу, БҰҰ мен оған қарасты институттардың ролін арттыру мәселелері туралы пікір алмасты. Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі кеңес құру процессін одан әрі дамытудың маңызы атап көрсетілді. Қазір Астанада кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізілуде. Келіссөз соңында бірқатар екі жақты құжатарға қол қойылады. Атап айтсақ, экономика саласындағы қазақстандық менеджерлердің кәсіби біліктілігін арттыру туралы бірлескен мәлімдемеге , Алматыдағы Қазақстан-Германия бірлескен университеті туралы келісімге, сондай-ақ, ҚР индустрия және сауда министрлігі мен ГФР федералдық экономика және еңбек министрлігі арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жолға қоюдың басты ережелері туралы келісімге қол қою көзделіп отыр. Бұған қоса коммерциялық сипаттағы бірқатар құжаттарға да қол қойылмақшы. Атап айтсақ, "Қазақтелеком" ААҚ мен "Сименс" АҚ арасындағы коммутациялық жабдықтар сатып алу туралы жоба бойынша келісім-шартына, "Қазастан темір жол ҰК" ЖАҚ мен "Сименс" АҚ арасындағы ниеттестік хаттамасына, "Нұрбанк" ААҚ мен германиялық "Коммерцбанк АГ" банкі арасындағы ұзақ мерзімді қаржыландыру туралы рамкалық келісімдерге қол қойылады. 2002-жылы ҚР мен ГФР арасындағы тауар айналымы 806,5 млн. долларды құрады, соның ішінде қазақстандық экспорт көлемі 220,3 млн., импорт 586,2 млн. долларға жетті. Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 619,6 млн. долларға, соның ішінде экспорт 108,1 млн., импорт 511,5 млн. долларға жетті. 2003-жылғы 1-шілде күнгі жағдаймен Германияның Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының көлемі 664 млн. долларды құрады. Қазір елімізде Германиялық компаниялар мен банктердің 145 өкілдіктері мен филиалдары жұмыс істейді. Елімізде барлығы 266 бірлескен кәсіпорын тіркелген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін