Жарияланды: 650

Қазақстан халқы Ассамблеясының 23 қазанда өтетін ХІҮ сессиясында мәжіліске депутат сайланып, президент ассамблеяның басымдықтарын белгілеп береді

Астана, 14 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан халқы Ассамблеясының 23 қазанда өтетін ХІҮ сессиясында мәжіліске депутат сайланып, президент ассамблеяның басымдықтарын белгілеп береді. Бұл туралы кеше Астанада Қазақстан Республикасы мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайлайтын Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына кандидат ұсыну; ҚХА хатшылығының ХІІІ сессиядан кейінгі мерзім аралығындағы жұмысы; Қазақстан халқы Ассамблеясы мен кеңестің құрамына өзгерістер енгізу, ҚХА белсенді мүшелерін марапаттау сияқты Ассамблея қызметінің өзекті мәселелері қаралды. Мелекеттік хатшы отырысқа қатысушыларды Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңның парламенттің қарауынан өткенімен құттықтады. "Бұл, Ассамблея, оның аймақтық жүйелері және этномәдени орталықтар қызметінің құқықтық негізін одан әрі нығайтудағы өте жауапты қадам. Президент қол қойып, заң іске қосылғаннан кейін Ассамблеяның мәртебесі және мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі жоғарылап, Қазақстан Республикасының толерантты мемлекет ретінде халықаралық беделі нығая түседі. Бүгінгі таңдағы геосаяси жағдайда, Елбасының тұрақты жүргізіп отырған бейбітшілік пен келісім саясаты халықаралық деңгейде мойындалып қана қоймай, өзінің өзектілігі мен қажеттілігін дәлелдеп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды басымдықтарын, оның жаңа конституциялық мәртебесі аясында, аталған ұйымның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылғы 23 қазанда өтетін Ассамблеяның кезекті ХІҮ сессиясында белгілеп береді",-деді Қ.Саудабаев. Отырыстың күн тәртібіне шығарылған басқа мәселелер бойынша Ассамблея төрағасының орынбасары Е. Тоғжанов, орыс, славян және казак ұйымдары Ассоциациясы төрағасының орынбасары А. Чесноков, "Идеал" татар және татар-башқұрт қоғамдық және мәдени орталықтары Ассоциациясының құрметті төрағасы М. Каримов, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Р. Халмұрадов, республикалық армян орталығының басшысы А. Карапетян, "Мицва" ҚР еврей ұлттық ұйымдары Ассоциациясының басшысы А. Барон және басқалар сөз сөйледі. ҚХА Кеңесі отырысының қорытындылары бойынша ҚР парламенті мәжілісіне депутаттыққа кандидатура ұсыну және басқа да талқыланған мәселелер бойынша шешім қабылданды. Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутат сайлау Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІҮ сессиясында өтеді. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін