Қазақстан халқы Ассамблеясының делегациясы Арменияның қоғамдық және академиялық топтары өкілдерімен кездесті - Ереван
8 қарашада Ереванда Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов бастаған ҚХА делегациясы Армения Республикасының Президенті жанындағы Қоғамдық Кеңестің төрағасы Вазген Манукянмен кездесті. |
Бұл туралы Армениядағы елшіліктен хабарлады.
Жүздесу барысында ҚХА Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов этникааралық қарым-қатынасты үйлестіруге бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаттары мен қызметі туралы әңгімелеп берді.
«ҚР Президенті Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты, сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасы бойынша құрылған ҚХА институтының жұмысы нәтижесінде елде ұлтаралық және этникааралық келісімнің ерекше үлгісі қалыптасты»,-деді Е.Тоғжанов. ҚХА делегациясының басшысы атап өткеніндей, бүгінгі күні Қазақстанда 130 ұлт пен этникалық топтардың өкілдері бейбіт қатар және келісімде өмір сүріп жатыр.
Өз кезегінде Қоғамдық кеңестің төрағасы В.Манукян Қазақстан қоғамының жетістіктері мен табыстарын жоғары бағалап, тәуелсіздік жылдары ішінде елді тұрақты дамыту ісінде Елбасының бірінші деңгейдегі рөлін атап көрсетті.
Сол күні ҚХА делегациясы Ереван Мемлекеттік университеті Түркітану кафедрасы жанынан ашылған Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығында болды. Университет ректоры Арам Симонян 2009 жылы Қазақстанның Армениядағы Елшілігінің материалдық-техникалық жәрдемімен құрылған Орталық қызметімен, сондай-ақ Ереван Мемлекеттік университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасындағы өзара іс-қимылды нығайта түсудің келешегімен қазақстандық қонақтарды таныстырды. Өз кезегінде Е.Тоғжанов екі университеттің жемісті ынтымақтастығына қанағаттандық білдіріп, екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. Орталықта болу барысында бір топ армян студенттері қазақ тілі мен мәдениетін жатық меңгергендігін қазақстандық делегацияға паш етті.
Бүгін, 9 қарашада ҚХА делегациясы Армениядағы ҚР Елшілігі «Еуропалық интеграция» үкіметтік емес ұйымымен (ҮЕҰ) бірлесіп ұйымдастырған «Этносаясат саласындағы Қазақстан мен Арменияның өзара ықпалдастығының тәжірибесі және ынтымақтастықтың жаңа жолдары» атты конференцияға қатысады. Конференция жұмысына АР Парламентінің депутаттары, армяндық ҮЕҰ басшылары, белсенді азаматтар, БАҚ өкілдері және жоғары оқу орындарының студенттері шақырылды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін