Қазақстан халқы атынан және жеке өз атымнан қайтыс болғандардың жақындары мен туысқандарына қайғырып көңіл айтамын - Елбасы
![]() |
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласы маңында әскери-көлік ұшағының апаты салдарынан қайтыс болғандардың жақындары мен туысқандарына көңіл айту жеделхатын жолдады. |
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
- Шымкент қаласы маңында әскери-көлік ұшағының апаты салдарынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі қызметкерлерінің қайтыс болғаны туралы хабарды қайғырып қабыл алдым. Қазақстан халқы атынан және жеке өз атымнан қайтыс болғандардың жақындары мен туысқандарына қайғырып көңіл айтамын. Менің тарапымнан ұшақтың апатқа ұшырау себептерін анықтау, сондай-ақ қайтыс болғандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берілді, делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев тиісті мемлекеттік органдарға Шымкент түбінде болған ұшақ апатының себептерін анықтауды тапсырды.
Мемлекет басшысы баспасөз қызметінің сәрсенбі күнгі хабарламасына сүйенсек, елбасы жолдаған жеделхатта: «Мен тиісті мемлекеттік органдарға ұшақтың апатқа ұшырау себептерін анықтау және қаза болғандардың отбасыларына жәрдем көрсету туралы тапсырма бердім», - делінген.
Бұрын хабарланғандай, сейсенбі күні кешкі сағат 18:55-те Шымкентке таяған жерде Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Борттағы 27 адамның бәрі қаза тапты. Олардың арасында ҰҚК Шекара қызметі директорының міндетін уақытша атқарушы Тұрғанбек Стамбеков пен оның зайыбы да болған.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін