Қазақстан халқының 80 пайызы салауатты өмір салтын насихаттау процесі құр даңғазаға айналды деп есептейді - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан халқының 80 пайызы салауатты өмір салтын насихаттау процесі құр даңғазаға айналды деп есептейді

Қазақстан халқының 80 пайызы салауатты өмір салтын насихаттау процесі құр даңғазаға айналды деп есептейді

«MRG» агенттігі жүргізген әлеуметтік сауалнама** нәтижелеріне сүйенсек, респонденттердің жартысы бізде салауатты өмір салты мүлдем насихатталмайтынына сенімді

  • 2 Қазан 2014
  • 1750
Фото - Caravan.kz

немесе қағаз жүзінде ғана насихатталады деп ойлайды. Ал, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі оны ерекше даталар мен іс-шаралар қарсаңында ғана сезінетінін айтқан. Тек 15 пайызы ғана бұған қарама-қарсы пікірде.

Алматы мен Астана қаласында сауалдарға жауап берген респонденттердің 35 пайызының спортзалға немесе бассейнге баруға қаржылық мүмкіндігі жоқ.

Сауалнама нәтижесіне қарағанда, отандастарымыздың 48 пайызы қызмет құнының қымбаттығына байланысты фитнес орталығы, жаттығу залы, бассейн, спорт орталығы сынды денсаулық нысандарына мүлдем бас сұқпайды.

Респонденттердің үштен бірі немесе 33% спортқа айына 10 мың теңгеден артық ақша жұмсай алмайды. Ал, 22 пайызының салауатты өмір салтын сақтауға 20 мың теңгеге жуық қаражат шығындауға мүмкіндігі бар.

18 пайызы тұрақты түрде, аптасына кем дегенде бір рет уақытын спорт залда немесе бассейнде өткізеді. Ал, сұралғандардың төрттен бірі ара-арасында, тек жылына бірнеше рет қана спортпен шұғылданады. Жартысына жуығы спорт нысандарына атымен бармайды.

«SportConcept» қоғамдық қоры президенті Анна Шелепованың айтуынша, жағдайды жаппай спортты дамыту, аулада спорт алаңдарын қайта қалпына келтіру мен көптеп салу арқылы түзетуге болар еді.

«Үйден таяқ тастам жерде тегін спорт алаңдары, хоккей айдындары салынса балалардың спортқа деген қызығушылығы артады. Аула командаларын, клубтар құрып, қалалық турнирлер өткізілсе балалар қылмысы да едәуір төмендер еді. Өйткені, қазір оқушылардың көбі сабақтан кейін және демалыс күндері айналысатын шаруа таппай, уақытын босқа өткізіп жүр. Қор міндеттерінің бірі – әуесқой спорт пен аула спортын дамыту. Біз оны әрбір азамат үшін қолжетімді етіп, балаларды белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануға жұмылдырғымыз келеді. Біздің мақсатымыз Қазақстанда тұратын әрбір азаматтың дені сау, алкоголь, темекі мен есірткіге тәуелсіз, ұзақ әрі бақытты өмір сүруіне барынша көмектесу».

Елімізде белгілі бір деңгейде салауатты өмір салтын насихаттауға атсалысқан 157 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. 2012-2013 жылдары олар салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған 2127 іс-шара өткізіпті. Оның ішінде жарнамалық акциялар, семинар-тренингтер, көшеге ілінген жарнамалар, концерттер мен театр-цирк бағдарламалары да бар.

Алайда, бұл жұмысқа жұмылдырылған үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) да, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі де шараның құны мен оның нәтижесі туралы бірде-бір есеп жарияламаған.


Ал, мемлекет салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламаларынан қаражат аяп жатқан жоқ және оған қомақты көлемде қаржы бөліп отырады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2013 жылы тек қана ведомство бюджетінен аталған мақсаттарға арнап 1,5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Қор басшылары депутаттарға аула спортын дамытуға көмектесу туралы өтініш білдірді. Сонымен қатар, Интернетте салауатты өмір салтын насихаттауға бөлінетін бюджет қаржысын жұмсау тәртібін өзгертіп, оның бір бөлігін аулаларда балалар алаңдарын салуға беру туралы петиция ұйымдастырды. Олар ата-аналардан, балалар мен жасөспірімдерді қамқорлыққа алған азаматтардан осы петицияға қол қоюды сұрайды.

Кейін құжат Мәжіліс пен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне жолданады.

Қазіргі таңда бізге Қазақстандағы QIWI компаниясы мен Qazaqbanki қолдау көрсетіп отыр.

Мультифункционалды спорт алаңдарын салуға жиналатын қаражатты QIWI сервисінің төлем жүйесіндегі «Көмек қорларыы» (Фонды помощи) бөлімі арқылы аударуға болады. Қаражат жинау 2014 жылдың 10-қазанынан басталады.

*****

Қор туралы мәлімет:

«SportConcept» ҚҚ-ның мақсаты – аулаларда минифутбол, хоккей және тағы да басқа жазғы, қысқы спорт түрлеріне арналған қолжетімді алаңдар салып, пайдалануға беру, сол арқылы жаппай спортты дамыту.

Міндеті – салауатты өмір салтын насихаттау, үйден бір қадам жерде спортпен айналысуға мүмкіндік жасау; аула клубтары мен аула командаларын қайта түлетіп, жастар мен балалар арасында жарыстар, түрлі турнирлер өткізу; аулалық спорт алаңдарында, хоккей айдындарында секциялар ашу.

**Сауалнамаға Алматы мен Астана қалаларында тұратын 750 адам қатысты