Құжатқа қол қою рәсімінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев : «бұл келісім СПИД індетіне шалдыққандардың көңіліне сенім отын ұялатады. Ендігі жерде біздің елдегі науқастар да өлімнен қорықпай, тыныш өмір сүре алады деп мәлімдеуге мүмкіндігіміз бар»,- деп атап көрсетті.
Қазақстан бұл консорциумға бірігу арқылы жоғары сапалы антиретровирустық дәрі-дәрмектерді базар бағасынан 50-90 процент арзан бағаға сатып алу мүмкіндігіне ие болмақ. «Біз сатып алатын дәрілер індетке шалдыққандар үшін үш есе арзанға түседі»,- деді президент.
Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның айтуынша, бұл келісім денсаулық сақтау министрлігінің инвестицияларының тиімділігін арттырып, үкіметке ВИЧ індетіне шалдыққан адамдардың өмірін көбірек сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Клинтонның ВИЧ/СПИД қоры 2002-жылдан бері мүше елдерге індеттің алдын алу, емдеу және науқастарды бағып-күту бағытында кең көлемді интеграциялық бағдарламаларды жүзеге асыруға көмек көрсетіп келеді. Африка, Кариб бассейні мен Азияның 10 шақты елдерінде қордың әріптестері бар.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті