Жарияланды: 1500

Қазақстан мен Австралия еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары бойынша ортақ мәмілеге қол жеткізді

Алматы. 2 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан мен Австралия еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары бойынша ортақ мәмілеге қол жеткізді, деп хабарлайды агенттік тілшісі Хабар агенттігіне сілтеме жасап.

Алты жылға созылған келіссөздер нәтижесінде, өкілдеріміз кен өндіру мен ауыл шаруашылығы салаларында ел мүддесін қорғап, дүние жүзілік сауда ұйымына мүше болуға бір қадам жақындады. Ұзақ келіссөздер, бір айдан кейін, Женевада өтетін хаттамаға қол қою рәсімінен кейін толығымен аяқталады деп күтілуде. Бұдан басқа экспорттың негізгі көздері ет, астық және минералды ресурстар жағынан Австралия мен Қазақстанның ұқсастығы көп. Алайда, әлемдік нарықта екі ел бәсекелес болғандықтан, келіссөздер бойынша ортақ мәмілеге жету өте қиынға түсті дейді еліміздің Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанова. "Келіссөздер барысында біз ауыл-шаруашылық тауарларының біздің нарыққа қалай келетіні туралы әңгімелестік, және де Австралияның қызмет көрсететін компаниялары әртүрлі салаларда, мысалы мұнай және газ өндіру, энергетика саласында және қаржы саласында қандай шарттармен Қазақстан нарығында жұмыс істей алатыны жайында да келіссөздерді аяқтадық",- деді ол. Дүниежүзілік сауда ұйымында Австралия, ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмеу қажет деген ұстанымды алға тартып келеді. Ал, ауыл-шаруашылығы әлі аяғынан нық тұрып үлгермеген Қазақстан үшін, дәп қазір мұндай шартты қабылдау, осынау ірі саланы өз бетімен жіберу деген сөз. Бірақ, ұзақ келіссөздер барысында төзімділік пен алғырлық таныта білген өкілдеріміз, еліміз үшін ұтымды шарттарға қол жеткізе алды. ҚР Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Айтжанованың айтуынша, "Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына өткеннен кейін осы Австралиядан және басқа елдерден келетін ет өнімдеріне қандай импорттық баждарды қолданатыны туралы өте жоғары деңгейде, өзіміздің ет шығаратын компанияларымыздың экономикалық мүддесіне қолайлы шарттар деңгейінде біз бүгін келіссөздерге қол жеткіздік". Енді Қазақстан Еуроодақ, АҚШ, Үндістан, Монғолия және Сауд Арабиясымен келісуі қажет. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть