Жарияланды: 410

Қазақстан мен Әзірбайжан дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін өзара жер телімдерін береді

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды.

Аталған құжаттың мақсаты екі ел арасындағы дәстүрлі достастық қарым-қатынастарды нығайту болып табылады. Бұл ретте Қазақстан елшілігінің Әзірбайжан Республикасында, Әзірбайжан елшілігінің Қазақстан Республикасында болуы мен жұмыс істеуінің жағдайларын қамтамасыз ету қарастырылады. Келісімге сәйкес Әзірбайжан тарапы Қазақстанға Қазақстанның елшілігінің ғимараттарын салу үшін Баку қаласының орталығындағы Н. Рафиев көшесі бойында 1210 кварталдағы жалпы алаңы 0,5 гектар жер учаскесін жылына 1 манат мөлшеріндегі жалға алу ақысымен 49 жыл мерзімге береді. Мұның орнына Қазақстан Әзірбайжан Республикасына олардың елшілігінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласының Президенттік саябақ ауданындағы Ш. Қалдаяқов көшесінің оңтүстігіне қарай орналасқан жалпы алаңы 0,5 гектар жер учаскесін 1 теңге мөлшеріндегі жалға алу ақысымен 49 жылға пайдалануға береді. Келісім 2011 жылдың 20 қазанында Алматы қаласында жасалған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін