Жарияланды: 380

Қазақстан мен Болгария арасындағы дипбайланыстың 20 жылдығына арналған марка шығарылды

Қазақстан мен Болгария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығына арналған «Ежелгі өнер ескерткіштері» тақырыбындағы көркем маркалардың бірлескен басылымы айналымға шықты.

Бүгін осыған орай ҚР Сыртқы істер министрлігінде аталған марканың таныстырылымы өтті. «ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «Қазпоштаның» және Болгария тарабының көркем маркалардың бірлескен басылымын айналымға енгізуі өте маңызды. Өйткені ол біздің халықтарымыздың мәдени жетістіктерін әлем жұртшылығына паш етуде маңызды рөлге ие. Адамдар нық сеніммен алға қадам баса отырып, өз мәдениетін, шыққан тегін еш уақытта да ұмытпауы тиіс», - деді шара барысында Болгария Республикасының еліміздегі уақытша сенімді өкілі Стоян Русинова. Сондай-ақ салтанатты шарада ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков, «Қазпошта» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ермек Пірімбетов сөз сөйлеп, маркамен таныстырды. Олардың атап өтуінше, маркада «Қос бұғы пішініндегі тоға. Б.з.д. VIII-VII. Алтын. Қазақстан» және "Бұғының басы мүсінделген ритон. Алтын. Б.з.д IV ғ. ортасы. Болгария" көне өнер заттары бейнеленген. Көркем марка офсетті тәсілмен 4 бояуда дайындалған. Перфорациясы жоталы, әр марканың номиналы 250 теңге, көлемі 28*40 мм. Парақтағы маркалар саны 8 дана, әр марканың таралымы 30 мың дана.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін