Қол қою рәсімінен кейін А.Шәкіровтың мәлімдеуінше, бұл құжаттардың жобасы еліміздің министрліктері мен мекемелерінің тікелей қатысуымен жобаланды. Қазақстанның басымдық берілген даму бағдарламалары негіз етіп алынды, деді ол.
«Алдағы бес жылда БҰҰ-ның Қазақстандағы іс-қызметі өмір сапасын арттыру, балаларды қорғау және оларды дамыту құқығын жүзеге асыру, соған қолайлы жағдайлар жасау, тұрғындардың денсаулығын нығайту, қоршаған ортаны қорғауға бағытталады. Аталмыш мақсаттар мен міндеттер Елбасының жолдауында жария етілген міндеттермен үндеседі»,- деді А.Шәкіров.
Ал Ю.Шоджидің айтуынша, «алдағы бес жылда БҰҰ агенттіктері өз жұмысын өзара сабақтас мынадай үш бағытта, атап айтсақ, кедейлікті азайту, базалық әлеуметтік қызмет түрлерінің сапасын арттыру, демократиялық мемлекеттік басқару саласына бағыттайды». БҰҰ-ның Даму бағдарламасы елімізге жеке меншік секторды дамыту мен СПИД-пен күресте қолұшын бермекші. БҰҰ-ның балалар қоры -ЮНИСЕФ бағдарламасы үкіметтің балалар тағдыры үшін жүктейтін жауапкершілігін арттыруға бағытталған балаларға қолайлы жағдай жасау, қорғау, дамыту және өмірін сақтау сынды құқықтарын жүзеге асыру ісіне жәрдемдеседі. Ал БҰҰ-ның ЮНФПА -тұрғылықты халықтар қоры тұрақты даму, кедейлікпен күрес және тұрғылықты халық мәселелері бойынша ықпалдастықты қамтамасыз етуге қол ұшын беретін болады.