Жарияланды: 490

Қазақстан мен Испания еліміздің экономикалық және технологиялық дамуына арналған келісім жобасын жасауға пәтуаласты

Қазақстан мен Испания еліміздің экономикалық және технологиялық дамуына арналған келісім жобасын жасауға пәтуаласты. Бұл туралы бүгін, 28-қаңтарда Испания Корольдығының ғылым және жаңа технологиялар министрі Хуан Коста Климент Елордасындағы президент сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуден кейін журналистермен ақпарат бөлісті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Х.Климент мырзаның айтуынша, "Испаниялық кәсіпорындар осы мақсатпен Қазақстанға өздеріне тиесілі озық технологияларын беруге күш салуы қажет". Сондай-ақ, Испания үкіметі білім және тәжірибесімен бөлісу үшін "қажетті мөлшерде ресурстар жұмсай алады". Х.Клименттің айтуынша, Қазақстан мен Испания арасында экономикалық және саяси қарым-қатынастардың дамуы екі ел үшін де "айрықша маңызды". Ол осы орайда Испания королі бірінші Хуан Карлостың Қазақстан Елбасына арнаған сәлем-жолдауын жеткізді. "Өз хатында король екі ел арасындағы қазіргі қалыптасып отырған және болашақта дамытыла түсетін достық байланыстарды қолдайтындығын хабарлайды",- деді министр. Елбасымен кездесу барысында Х.Климент өз елінің Қазақстанды "Орталық Азия аймағындағы тұрақтандырушы мемлекет ретінде танитынын" атап көрсетті. Оның айтуынша, Испания Қазақстан басшылығының республиканы дамытуға және жағдайды тұрақтандыруға жұмсап отырған күш-жігерін жоғары бағалайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін