И.Саад Мысыр индустрия және сауда министрінің жуырда Қазақстанға жасайтын сапары «екі жақты қарым-қатынасқа тың серпін береді» дегенге сенім білдірді. «Бұл сапар барысында біз екі жақты ынтымақтастықтың өзара тиімді салаларын анықтай аламыз деп сенемін»,- деді ол.
И.Саадтың пайымдауынша, «Мысырлық кәсіпкерлер Қазақстанның экономика саласын реформалаудағы жетістіктерінен толық хабардар емес». «Олар Қазақстандағы экономикалық және іскерлік мүмкіндіктер туралы ақпараттардан бейхабар»,- деп атап көрсеткен вице-министр өзінің бұл жолғы сапары «осы саладағы ақпараттарды алу және оны Мысыр кәсіпкерлерінің арасында тарату тұрғысынан пайдалы болуы мүмкін» деді.
Сондай-ақ, Мысыр елі Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өтуге деген талпынысын қолдайды. «Қазақстанды Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке қабылдау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде Мысыр сіздің елді жан-жақты қолдайды»,- деді дипломат.
«Египет Араб Республикасы Қазақстанның Орталық Азия елдерінің одағын құру саласындағы бастамасы мен осы бағыттағы дипломатиялық қадамдарын жоғары бағалайды»,- деді СІМ-нің орынбасары.
И.Саад кездесу барысында Қ.Тоқаевқа өз елінің сыртқы істер министрі Ахмад Абул Гейттің жолдауларын табыс етті. Мысыр дипломатының айтуынша, жолдаудың бірі Қазақстан мен Мысыр арасындағы екі жақты қарым-қатынас мәселелеріне, ал екіншісі БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін реформалау және оның аясын кеңейту идеясын жүзеге асыру шаралары мен процедурасына арналған.