Үкіметаралық келісімнің жобасы жасалып бітуге жақын, деді ол. Сенат маршалыының түсініктемесіне жүгінсек, Польша-Қазақстан үкіметаралық экономикалық келісімі Польшаның Еуропалық Одаққа мүшелікке өтуіне байланысты республиканың заңнамалары өзгеруіне сәйкес денонсацияланған.
Польшалық сенатордың айтуынша, жаңа келісім үкіметтік деңгейде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жаңа комиссия құруға мүмкіндік береді. Бұл комиссия «өзара қарым-қатынастың жаңаша консультациялық құралына» айналуы тиіс. Қазақстан-Польша үкіметаралық комиссиясының алғашқы отырысы 2005-жылы өтеді деп күтілуде.
Л.Пастусяктың пайымдауынша, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия Польшалық кәсіпкерлердің Қазақстан рыногына шығуына кедергі болып отырған тосқауылдарды жоюға мүмкіндік береді. Осындай кедергілер ретінде ол «виза жөнінен артықшылықтар беру жүйесіне Польшаның енгізілмеуі, визалық процедуралардың күрделілігі, шетелдік қызметкерлерді жұмысқа орналастыруға алынатын рұқсатты рәсімдеудегі қиындықтарды» атады.
Польшалық сенатор «Қазақстанның Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінің арасындағы маңызды әріптесі» екенін атап көрсетті. Польша мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы жыл сайын арта түсуде. «2004-жылы екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі рекордты көрсеткішке жетіп 600 млн. долларды құрады. Польшаның Қазақстанға салған инвестициясының ауқымы 2003-жылы 1,77 млн. долларды құрап, барған сайын арта түсуде»,- деді сенат басшысы.
Л.Пастусяк осы орайда екі ел экономикалық қарым-қатынас саласындағы әлеуетті толық пайдалана алмай отырғанына тоқталды. «Шаруашылық іс-қызмет, банк-қаржы, туризм және құрылыс саласында Польшалық және Қазақстандық кәсіпкерлер арасында жемісті қарым-қатынас орнатуға мүмкіндіктер бар»,- деді ол.
Сонымен бірге Польша ауылшаруашылығын дамыту, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі, аймақтық даму тетіктері тәрізді салаларда Қазақстанмен тәжірибе бөлісуге әзір, деді сенат маршалы.