Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара мәселесі 2013 жылы аяқталуы мүмкін
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара мәселесі 2013 жылы аяқталуы ықтимал. |
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров мәлім етті.
Агенттік төрағасының айтуынша, Қазақстанның шекаралас 5 мемлекетпен құрлықтағы шекарасының жалпы ұзындығы 13349 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта бұл мемлекеттермен Мемлекеттік шекара туралы келісімшарттарға қол қойылған және олар ратификацияланған.
«Қазақстанның шекарасы мәселесіне келсек, бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасымен арадағы шекара жұмыстары толығымен аяқталып бітті. Өзбекстанмен арадағы далалық жұмыстар бітті, енді соңғы сатыдағы құжаттарды қабылдау рәсімдері жүзеге асуда. Түркіменстанмен де далалық жұмыстар толық атқарылды, дегенмен келісетін жерлеріміз әлі де баршылық. Атап айтқанда Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстанның, яғни үш мемлекеттің қосылатын жеріндегі ауданы 28 шақырымды құрайтын жерді өзара келісуге тиіспіз. Дегенмен, бұның бәрі құрғақта емес, Каспий теңізі жағасындағы жағалық аймақта тұр. Қырғыз елімен де далалық жұмыстар негізінен бітті. Дегенмен, әлі де 50 шақырымға жуық жерге байланысты жұмыстар бар. Бұл ретте шекараға қажетті қаражатты екі мемлекет бірдей шығару керек еді. Қырғыз тарапы осыны алға тартып, 2012 жылы қаражаттары жоқтығын айтқан болатын. Сондықтан да, бұл шара 2013 жылы шешілуі мүмкін», - деді Қ. Отаров.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін