Академияның ректоры Төлеш Қаудыровтың айтуынша, меморандум аясында екі елдің судьялары мен сот қызметкерлерін оқыту, осы салада өзара тәжірибе алмасу, оқу бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу қарастырылған. Осылайша, екі оқу орны арасында іскерлік байланыстарды күшейтіп, сот төрелігін барынша жетілдіру көзделіп отыр. «Шыны керек, екі елдің сот жүйесі барынша әділ әрі ашық болуы қажет. Сонда бизнес те, ғылым да, қарапайым xалық да өз құқықтарының сақталатынына сенімді болады. Ал әділ сотқа сенім болса, бәрі бірдей еркін әрекет ете алады. Осыны судьялар мен сот қызметкерлері жұмыста емес, білім алған оқу орнынан бастап жете түсінуі керек. Халықта жақсы бір сөз бар, «Екі үйдің арасындағы жолға шөп өспесін». Сондықтан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жолға шөп өспесін, осы жолды шаң баспасын. Мамандар тәжірибе алмасып, бір-бірімен тығыз араласа берсін», — деді Төлеш Қаудыров.
Айта кеткен жөн, Қырғызстан делегациясы Қазақстанға жасап отырған сапары аясында еліміздің сот төрелігі саласындағы тәжірибемен танысып үлгерді. Олар академияның жұмысын көріп, бірқатар семинарларға да қатысты. «Біз Қазақстанның Жоғарғы сотында болып, судьялармен де кездестік. Тіпті, академия магистранттарының спектаклін көрдік. Жоғарғы сот жанындағы Аxуалдық орталықта да болдық. Шыны керек, осы салада Қазақстан біраз жетістіктерге жетті. Көріп-білгенімізді өз елімізде де іске асыру қажет», — деп атап көрсетті Қырғызстанның сот төрелігі бойынша Жоғары мектебінің директоры Раушанай Тургунбаева.