«Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Келісімге 2014 жылғы 28 мамырда Астанада қол қойылған.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан мен Қытайдың біреуінің ғана күшімен жою мүмкін болмайтын төтенше жағдайлар орын алу ықтималдығын назарға ала отырып, екі елдің бірлескен іс-қимылдарының аясында осы келісімді жүзеге асыру көзделеді. Аталған келісімнің күшіне енуі төтенше жағдайларға болжам жасау және мониторинг жүргізу саласындағы тәжірибе алмасуды көздейді. Қауіп төнген жағдайда тұрғындарды даярлауға жағдай жасалып, екі мемлекеттің азаматтық қорғау саласындағы мамандарын оқыту мәселесі қарастырылады. Келісім бір тараптың аумағында туындаған төтенше жағдайларға қысқа мерзімде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, құжатты қабылдау дүлей зілзалалардан келетін қауіптерді азайтуға, тараптардың аумағында табиғи-техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға ықпал ететін болады.
Заң жобасы палатаның алдағы жалпы отырысына шығарылмақ.