Қ.Тоқаевтың айтуынша, телефон арқылы жүргізілген сұхбат барысында Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыруда Шанхай ынтымақтастық ұйымы белгілі бір роль атқаруы тиіс екендігіне байланысты түсіністікке қол жеткізілді.
Пікір алмасу барысында Ли Чжаосин Қырғызстанмен шектесетін ел ретінде Қытайдың осы елдегі ахуалға алаңдаушылық білдіріп отырғанын айта келіп, ондағы ішкі жағдайдың тез арада тұрақтанатынына сенім білдірді. Қытай Орталық Азия аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздіктің орнығуынан мүдделі, деді саясаткер.
ҚР СІМ-нің хабарлауынша, егер ел басшылығы көмек сұраған жағдайда Қазақстан жәрдемнен бас тартпайды.
Қазіргі таңда Қазақстан басшылығы Қырғызстандағы ахуалдың өрбу барысын қадағалай отырып, түрлі көмек көрсету жолдарын қарастырып жатыр. «Қаржылық, гуманитарлық және техникалық сипатта көмек көрсетілуі мүмкін»,- деді Қ.Тоқаев.
«Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше ел ретінде де Қырғызстанға қолұшын бермекші»,- деді ҚР СІМ. Ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының миссиясы Қырғызстанға келгенін хабарлады. Алдағы уақытта Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Дмитрий Рупел Бішкекке барады деп күтілуде.