Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «Қазына» мен Қытайдың мемлекеттік даму банкі инфрақұрылым және өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін қазақстан-қытай қорын құру мәселелерін дәйектеуге келісті.
Сонымен бірге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ына мемлекеттік сапары аясында осы жылдың 21-желтоқсанында «Қазына» даму қоры басқармаларының төрағасы Қайрат Келімбетов пен Қытайдың мемлекеттік даму банкінің жетекшісі Чень Юань өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қ.Келімбетовтың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасымен бірлескен қор құру туралы мәселелерді дәйектеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, оларды енді екі елдің үкіметтері келісуге тиіс. Сонымен бірге бастапқы кезеңде тараптар ірі инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларды бірлесе қаржыландыру тетіктері жөнінде мәмілеге келді. Бірлескен инвестициялардың жалпы көлемі 5 млрд. долларға жетеді.
Қазірде «Қазына» қоры Қытайдың компанияларымен бірлесіп металлургия, телекоммуникациялар, ақпараттық технологиялар және басқа да салаларда бірқатар жобаларды жасауда. Осыған байланысты «Қазына» қоры Пекин, Гонконг және Үрімжіде өз өкілдіктерін ашпақшы.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті