Қазақстан мен Ресей ғарышты бірлесе игеру саласындағы ынтымақтастықты стратегиялық әріптестер ретінде дамытуы тиіс - ҚР СІМ - kaz.caravan.kz
  • $ 464.72
  • 496.32
+30 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан мен Ресей ғарышты бірлесе игеру саласындағы ынтымақтастықты стратегиялық әріптестер ретінде дамытуы тиіс - ҚР СІМ

Қазақстан мен Ресей ғарышты бірлесе игеру саласындағы ынтымақтастықты стратегиялық әріптестер ретінде дамытуы тиіс - ҚР СІМ

Қазақстан үшін Ресейдің стратегиялық әріптесі ретінде ғарышты игеру мүмкіндігіне ие болудың маңызы айрықша зор. Бүгін, 23-қаңтарда ҚР парламентінде өтіп жатқан "XXI ғасырдағы Қазақстан-Ресей ықпалдастығы және ғаламдану қатері" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда сөз сөйлеген ҚР сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев осындай пікір білдірді.

  • 23 Қаңтар 2004
  • 2526
Фото - Caravan.kz

«Республика үкіметі Қазақстанның өзіндік байланыс жер серігін жасап шығару және экологиялық қаупі жоқ «Ангара» зымыран тасығышының негізінде бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі келісім-шарттарын әзірлеуге баса назар аударды. Сондықтан да біз ендігі жерде қазіргідей жалға беруші ролін қанағат тұтып қарап отыра алмаймыз»,- деді Қ.Тоқаев.

ҚР сыртқы саясат мекемесі басшысының айтуынша, Байқоңыр ғарыш айлағы «одақтас әрі әріптес екі мемлекетке нақты пайдасын әкеле бастауы қажет». «Бұл саладағы өзара ынтымақтастық өрістей-өрлей дамып, жаңаша салалар мен мүмкіндіктерді бағындыруы тиіс»,- деді ол. «Осыдан 10 жыл бұрын тарихи бір кезеңнен екіншісіне бетбұрыс жасаған бұрынғы Кеңестік кеңістікте белең алған саяси әлем-тапырық ахуал мен экономикалық құлдырау жағдайында екі ел күрделі мәселенің түйінін дұрыс шешуге мүмкіндік тапқаны рас. Олай болса, жалпы ахуал оң бағытта эволюциялық дамуға ден қойған қазіргі сәтте бізге сапалық басқаша сипаттағы міндеттерді шешуге тура келеді»,- деді Қ.Тоқаев.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейге жалға беру мерзімі 2050-жылға дейін ұзартылды. Бұл туралы келісімге 2004-жылдың 9-қаңтарында РФ президенті Владимир Путиннің елімізге жасаған ресми сапары барысында қол қойылды. Қол қойылған келісім туралы түсініктеме берген Ресей мемлекет басшысы «Қазақстан тек жер серіктерін ұшыруға Ресей тарапынан көрсетілетін көмекпен ғана шектеліп қалмай, ғарышты бейбіт мақсатта бірлесе игеруге бағытталған жұмысты толық мазмұнда жүзеге асыруы тиіс» деген пікір білдірді.
Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген болатын : «Ғарышты игеру туралы қиялдау да қисынға келмейтін кезең болғаны рас. Ал қазір жеткілікті мөлшерде қаржылық ресурстарды жинақтаған Қазақстан ғарыш кеңістігін бірлесе игеру жобаларына атсалысуға дайын». Елбасы сондай-ақ, «әрине, ғарышты игеру дегеніміз қызғылықты әрі қымбат шаруа. Сол себепті бұл жерде нарық заңдылығына сәйкес әркім де қалтасынан қаржы шығаруға тиіс» деп атап көрсетті.
Н.Назарбаевтың айтуынша, мемлекет басшыларының екі жақты кездесуі барысында қазақстандық мамандарды ресейлік жоғары оқу орындарында дайындау, Қазақстанды коммерциялық ұшырылымдарға қатыстыру, сондай-ақ, жаңа «Ангара» зымыранына арналған ұшу алаңын салу мүмкіндіктері қаралды. Елбасының айтуынша, жаңа зымыран «экологиялық таза әрі барлық жағынан алғанда заманауи озық зымыран болып шығады».

Соңғы жаңалықтар