Республикалық СЭС пен «Вектор» орталығы бірлесіп жүзеге асыратын бұл жоба туралы бастаманы Қазақстан жағы көтерген. Жоба грант қаржысымен жүзеге асырылады. Сонымен бірге, К.Оспановтың хабарлауынша, Республикалық СЭС қазір Үндістандық ғалымдармен бірлесіп тағы да осындай жобаны жүзеге асыруда. Қазақстандық өкілдер сондай-ақ, алдағы уақытта қатерлі індетпен күрес тәжірибесін зерттеу үшін Қытайға барып қайтпақшы.
Беймәлім өкпе қабынуы дертінің таралуына жол бермеу үшін Қазақстанда жасалып жатқан профилактикалық шараларға тоқталған Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің осы бағыттағы жұмыстарына «әжептәуір сенімді» деген баға берді. Алайда, осы орайда ол қызмет жұмысындағы кемшілік ретінде елімізде SARS инфекциясын зертханалық дәлелдеу мүмкіндігінің жоқтығын атады.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы сарапшысының атап көрсетуінше, SARS індетіне сенімді әрі тиімді бақылау қою үшін үш бірдей алғышарт қажет : клиникалық жолмен анықтау, эпидемиологиялық бақылау және зертханалық диагностика.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 7-тамыздағы жағдаймен дүниежүзінде бейдауа өкпе қабынуы дертіне шалдығу оқиғасы 8422 мәрте тіркеліп, өлім көрсеткіші 11 процентті құрады.