Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара туралы келісімге қол қою қажеттігі туралы мәселені қозғаған Қазақстан президенті: «бұл жерде мәселе шекара сызығын демаркациялау туралы емес, делимитациялау туралы болып отыр»,- деп атап өтті. «Екі ел өзара ор қазып, оқшауланбайды. Шекарада екі ел азаматтарының еркін барыс-келіс режимі сақталады. Біз тек мемлекеттік шекара сызығын белгілеу туралы халықаралық деңгейде қабылданған норманың талабына бағынып отырмыз»,- деді Н.Назарбаев.
Н.Назарбаев Қазақстан үшін Ресей ең маңызды сыртқы саяси серіктес ел екенін мәлімдеді.
«Қазақстандағы Ресей жылы аяқталды. Бұл оқиғаның ықпалы айрықша зор. Соның арқасында 2004-жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 47 процентке артып, 7 млрд. долларға жетті. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының төрттен бір бөлігі Ресейдің үлесіне тиеді»,- деді Н.Назарбаев.
В.Путин мен Н.Назарбаев ТМД, жаңадан құрыла бастаған Біртұтас Экономикалық кеңістік, ЕурАзЭҚ, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы тәрізді интеграциялық құрылымдар аясындағы Қазақстан мен Ресей арасындағы ықпалдастық мәселелері бойынша пікір алмасты.
Өз тарапынан В.Путин Қазақстандағы Ресей жылы аясында гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың үлкен қарқынмен дамуына жоғары баға берді. «Осынау маңызды оқиғаның шеңберінде 100-ден астам түрлі шаралар ұйымдастырылды»,- деді ол.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төрағасы болып табылатын Н.Назарбаевқа В.Путин кеше, 11-қаңтарда Мәскеуге ресми сапармен келген Түркия премьер-министрі Реджеп Эрдоган өзара келіссөздер кезінде «Түркия мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы арасында байланыс орнатуға ықылас білдіргенін» жеткізді.
Ресей президенті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, екі мемлекет басшысы бүгін, кездесудің ресми бөлімі аяқталғаннан кейін сұхбатты бейресми форматта Шымбұлақ тау шаңғысы базасында жалғастырады. В.Путин бүгін, 12-қаңтарда Мәскеуге оралады.