Қазақстан мен Ресейді өзара жақындастырудың бір маңызды факторы екі елдің ұлттық экономикаларын дамыту жолдарындағы ұқсастық болмақ- президент Путин
Қазақстан мен Ресейді өзара жақындастырудың бір маңызды факторы - екі елдің ұлттық экономикаларын дамыту жолдарының ұқсастығы, осы тұрғыдағы көзқарас ортақтығы болмақ. Ол Біртұтас Экономикалық Кеңістік құру тұжырымдамасына негізделген. Бұл туралы 22-қаңтарда Ресей президенті В.Путин Қазақстан Республикасының осы елдегі төтенше және өкілетті елшісі Қырымбек Көшербаевтан сенім хатын қабыл алу барысында мәлімдеді. |
"Біз бұдан былай да Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын теңдік принципіне негіздей дамытып, ТМД, ЕурАзЭҚ және ШЫҰ аясындағы ортақ күш-жігерді нығайта бермек ниеттеміз",- деді Ресей президенті.
Ол осы орайда таяуда Астанада өткен келіссөздер барысында "мемлекетаралық және компаниялар деңгейіндегі келісім-шарттардың үлкен топтамасына қол қойылғанын" тағы бір еске салды. "Біз Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстарды барлық салада тереңдете түсуге айрықша маңыз береміз",- деді В.Путин.
Екі жақты іскерлік ынтымақтастықтың басымдық берілетін бағыттары арасынан В.Путин жылу-энергетика саласы, жаңа технологияларды дамыту, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалануды атады. "Біз шекаралық ынтымақтастық және шекаралық аумақтарды дамыту мәселелерін бірлесіп шеше аламыз",- дейді Ресей президенті.
В.Путин "Жуырда ғана мәреден шыққан Қазақстандағы Ресей жылы екі бауырлас халық арасындағы сан ғасырлық достық тарихындағы тағы бір жарқын белес болады" дегенге сенім білдірді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін