Кездесу барысында тараптар екі мемлекеттің өзара ықпалдастығына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясына жасаған ресми сапарлары тың серпін бергенін атап өтті.
Хамад Бин Сүлеймен Әл-Бази Сауд Арабиясының кәсіпкерлері Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі екенін айтты. Ол өз елінде Қазақстан экономикасының даму деңгейіне «жоғары баға берілетінін» тілге тиек етті.
Қазақстан Елордасының жаңа әкімшілік орталығында Сауд Арабиясының гранты есебінен құрылысы салынып жатқан парламент сенатының жаңа ғимараты туралы тақырып әңгіме өзегіне айналды. Сенат ғимаратын салу «Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы достық байланыстардың нышан белгісі» екенін айтқан тараптар құрылыс жұмыстары тез арада аяқталады дегенге сенім білдірді.
Сенат ғимараты құрылысының бас мердігері «Алматымәденитұрмыстыққұрылыс» ЖШС-нің бас директоры Серік Керейбаевтың ақпаратына сәйкес, қазіргі жағдаймен құрылыс жұмыстары 50 процентке атқарылып, бүгінде ғимаратың технологиялық жабдықтары орнатылуда. Бұл мақсатқа 2,5 млн. доллар қажет. «Бүгін біз бұл мәселені көтердік», егер ол жуық арада шешілетін болса, онда «нысан құрылысы биыл нақты аяқталады дей аламыз»,- деді ол. С.Керейбаевтың айтуынша, жоба құны 11,803 млн. долларға бағаланған. Қазіргі жағдаймен 7,100 млн. доллар бөлініп, бұл қаржы «іс жүзінде игерілді»,- деді ол.