Екі жақты кездесулер барысында Қазақстанның қарулы күштерін жаңалау және трансформациялау, лаңкестік пен есірткі саудасына қарсы күрес, шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ғылым, азаматтық қорғаныс саласындағы жоспарлау, экология, аймақтық және халықаралық қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Қазақстандық өкілдердің сапары барысында әріптестік бағдарламасының аясындағы ынтымақтастық бағыттары мен нақты жобалар, сондай-ақ, Альянстың жекелеген мүшелерімен екі жақты негіздегі ынтымақтастық мәселелері сарапқа салынды.
Солтүстік Атлантикалық Альянсқа мүше елдердің өкілдері Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы стратегиялық маңызы мен шешуші ролін атай отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен жүзеге асырылып жатқан елдің ішкі және сыртқы саясатына оң баға беріп, республиканың саяси-экономикалық дамуын жоғары бағалады. Сонымен бірге Солтүстік Атлантикалық Альянстағылар Қазақстанның аймақтық және ғаламдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге деген ниетін растады.
Сондай-ақ, кездесу барысында Солтүстік Атлантикалық Альянстың Орталық Азия және Кавказ жөніндегі бас хатшысының арнаулы өкілі Роберт Симмонстың Қазақстанға жасайтын сапарына дайындық барысы тәптіштелді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті