Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
0 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды

Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды

Қазақстан мен Тәжікстан стратегиялық әріптестік туралы шартқа қол қойды.

  • 14 Қыркүйек 2015
  • 585
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының басшысы Эмомали Рахмонмен келіссөздерінің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен мәлімдемеде хабарлады.

«Экономикалық байланыстардың үлкен маңызы бар, даму үстінде, бірақ кейбір сәттерде кең көлемде даму қарқыны мықты деп айта алмаймын. Сондықтан, бүгін біздің елдер арасындағы 80 шартқа қосымша ретінде қол қойылған стратегиялық әріптестік туралы шарт — жақсы база болмақ», — деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан арасында ешқандай даулы мәселелер жоқ екеніне атап өтті.

«Бізде қандай да бір салада түсінбеушілік жоқ, керісінше, өзара түсіністік қалыптасқан», — деді Елбасы.

Атап өтейік, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы 2014 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 700,4 млн долларды құрады. Ал 2015 жылдың бірінші жарты жылдығында 299,2 млн доллар болды. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 7,9 пайызға төмен. 2014 жылдың бірінші жарты жылдығында 325 млн долларға жеткен еді. Атап, айтқанда, экспорт 211,1 млн долларды құрап, 2014 жылдың сәйкес кезеңінен 13,5 пайызға төмен (2014 жылы — 244,1 млн.доллар) болды. Ал, импорт 88,1 долларды құрап, 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға артық болды (2014 жылы 80,9 млн доллар).

Қазақстан Тәжікстанмен арадағы сыртқы сауда көлемі жағынан тұрақты түрде  Ресейден кейінгі екінші орын алады.

Қазақстан үшін ынтымақтастықтың басымдықты бағыттары — тау-кен өнеркәсібі, түсті металлургия, машина құрылысы, энергетика, тамақ өнеркәсібі, көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы салалары.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азиядағы лаңкестікпен күрес ісінде Тәжікстанды «форпост» деп атады. 

«Тәжікстан лаңкестікпен және экстремизммен күрестің өткір тұсында тұр», — деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы бұған Ауғанстанмен шекараның жақындығы да ықпал ететіндігін атап өтті.

«Үнемі бұл жерде Тәжікстанды түртпектеп, тұрақсыздандыруға, дендеп енуге тырысады. Іште орын алған соңғы оқиғаға сырттан ықпалдың болуы әбден мүмкін. Осы күрделі жағдайды біз жақсы білеміз және бұл жерде Тәжікстан форпост сияқты. Біздің құқық қорғау органдары мен арнайы органдар ынтымақтасуы қажет», — деді Н. Назарбаев.

 ҚР Президенті тәжік халқын біздің ортақ ұлы тарихымызды және мәдениентімізді ұмытпауға  және достық қатынасты соның негізінде құруға шақырды. 

«Біздің мәдениетіміз бір-бірімізге ұнайды,  бізде тәжіктер бар, Тәжікстанда  ғасырлар бойы тіршілік кешіп келе жатқан қазақтар бар, бұл байланыстыратын буын. Біз осы адамдарға қалыпты өмір сүруі, тілін, мәдениетін ұмытпауы үшін тиісті жағдай туғызуымыз  қажет.  Осы сәтті пайдаланып, тәжік халқын жақында өткен Тәуелсіздік Күні мерекесімен құттықтағым келеді»,-деді Н. Назарбаев.  

Мемлекет басшысы Қазақстанда жақында Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілгенін, мұнымен қатар, 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін Орта Азия елдері өзінің ұлы тарихын ұмыта жаздағанын айтты.  

«Өйткені, мұнда, біздің аймақта айтулы оқиғалар, тарихи қозғалыстар өтіп, мәдениеттердің араласуы болды. Егер осының бәрін жадымызда сақтайтын болсақ, біздің жастарымыз болашақта бір біріне жақын болады, себебі, бізде әлемдік мәдениетке өз үлесін қосқан ортақ ұлы мәдениет бар. Осы негізде біз халықтарымыздың арасын жақындатамыз. Оған ешқандай кедергі жоқ, біз солай жұмыс жасаймыз деп келіскенбіз», — деп сөзін түйіндеді Н.Назарбаев.


ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия өңірі елдерін су-энергетикалық қауіпсіздік мәселелерінде «дауласпай, уағдаласуға» шақырды. 

«Өңірдің су-энергетикалық проблемалары бойынша Тәжікстан өте маңызды орынға ие. Біз көршілер дауласпай, уағдаласуымыз қажет, бұл өте маңызды мәселе. Қалай болғанда да мәмілеге келуіміз қажет, себебі осы жерде өмір сүреміз, балаларымыз өмір сүреді, сондықтан қатынасты ұзақ уақытқа қалыптастыруымыз қажет», — деп атап өтті Н. Назарбаев.

Көршілес мемлекеттермен геосаяси және экономикалық жағдайды, күрделі қатынасты ескере келгенде, су-энергетикалық тақырып Тәжікстан Республикасының сыртқы саясатында да негізгі болып табылады.

Тәжікстан Президенті Э.Рахмонның — 2003 жылды халықаралық ауыз су жылы, (2005-2015) «Су өмір үшін» онжылдығын бекіту, 2013 жылды халықаралық су ынтымақтастығы жылы деп жариялау туралы үш әлемдік ұсынысы БҰҰ тарапынан қолдау тапты. 

Бұл ұсыныстар аясындағы шаралар Рогун су электр стансасы құрылысы идеясын жылжытуға пайдаланылуда.  

Қазіргі уақытта  Рогун су электр стансасының құрылысы елдің «ұлттық идеясына» айналды, бірақ Өзбекстанмен арадағы қатынасты күрт нашарлатты, сондай-ақ Тәжікстан  экономикасының  инвестицияға және жаңа технологияға аса мұқтаж   өзге салаларын қаржыландыруға кері әсерін тигізді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тәжік жастарын қазақстандық ЖОО-ларға түсуге шақырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен Душанбедегі келіссөз қорытындысында айтты.
«Біз Тәжікстан жастарын Қазақстан университеттеріне түсуге шақырамыз», — деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда өте жақсы халықаралық университеттер барын атап өтті.
«Досым Президент Эмомали Шариповичтің ұсынымы бойынша Қазақстан тәжік  жастарының ел университеттерінде білім алуына грант бөлуге әзір», — деді Н. Назарбаев.
Оның айтуынша, біздің оқу орындарында бүгін шетелден студенттер білім алуда.
«Түркістанда қазақ-түрік университеті бар, Астанада, Алматыда өте мықты университеттер бар, біз жастар бір-бірін танып, біліп, тиісінше дамуы үшін алмасуымыз қажет», — деді Н. Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар